Елордада Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Ғашық-жүрек» қойылымының премьерасы өтті

Елордада Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Ғашық-жүрек» қойылымының премьерасы өтті

Қазақ әдебиетінің ірі өкілдерінің бірі, ұлтымыздың бағына біткен әйгілі ақыны, барша қазақтың жүрегіне жыр болып сіңген Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толып отыр. Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры «Ғашық-жүрек» поэтикалық-музыкалық қойылымын сахналап, премьерасын ұсынды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты аталмыш театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ақиық ақынның 90 жылдығына арналған премьераға Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Дәулеткерей Кәпұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Шәрбану Бейсенова және Қазақстанның Жазушылар одағы мүшелері және өзге де ақын-жазушылар арнайы қатысты.

«Мұқағали Мақатаевтың өсиет пен өнегеге толы  шығармалары – келер ұрпаққа қалдырған асыл мұрасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев барша қазақстандықтарды бүгінгі ерекше күнмен арнайы құттықтады. Мәдениет және спорт министрлігі биыл М. Мақатаевтың 90 жылдығына орай басқа өңірлермен бірлесіп көптеген шараларды жоспарлауда. Осындай шаралар біздің руханиятымызды байыта түседі деген сенімдеміз. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры кеше ғана ашылса да, өз көрермендерінің жүрегінен ерекше орын алып үлгерді. Оған өте қуаныштымыз. Сондықтан әрқашан қазақ өнерінің, қазақ мәдениетінің туы биік болсын! Шығармашылық ұжымға алғыс айтамын және сәттілік тілеймін!» – деді вице-министр Нұрқиса Дәуешов.

Халқымыздың асыл перзентінің, әдебиетіміздегі алып тұлғаның есімі әрқашанда ел есінде жүруі тиіс. Осы мақсатта елордамыздағы бір мектепке ақынның есімін беруді ұсынып жатқанын Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенұлы айтып берді.

«Мұқағали атамыздың мерейтойы құтты болсын! Болашақта осы мерейтойды жыл сайын қарсы алып, басқа мекемелерде де, білім ошақтарында да бірігіп ұйымдастырамыз деген сеніміміз мол. Нұр-Сұлтан қаласында №74 мектепке Мұқағали Мақатаевтың атын беруді ұсынып жатырмыз. Елордада руханият пен мәдениеттің дамуында көп еңбек атқарып жүрген тұлғалардың атын шығару өте маңызды. Сондықтан бүгінгі мәдени кешіміз құтты болсын!» – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Макен.

Қойылымның қоюшы-режиссері – Аман Ғұмаров. Мұқағали Мақатаевтың бейнесін театр актері Қазыбек Есқара, ал ақынның досы Шәмілдің бейнесін актер Ерназар Жаңатілек сомдады. Сондай-ақ, спектакльге театрымыздың барлық әртістері қатысты. Қойылымды музыкамен сүйемелдеген – театр оркестрі, музыкасын әрлеген – Болат Жолдасов.
Қойылым соңында актерлерге Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгіновтің атынан ықылас гүлі табысталды.

Елімізде орын алып отырған пандемия жағдайына байланысты Музыкалық жас көрермен театрында барлық санитарлық талаптар сақталды. Осы тәртіпте «Ғашық-жүрек» музыкалық поэтикалық қойылымы 10, 11 ақпанға дейін жалғасады.