Нұр-Сұлтанда ерекше күтімді қажет ететін балалары бар аналарға кондитерлік шеберлік сабағы өткізілді

Нұр-Сұлтанда ерекше күтімді қажет ететін балалары бар аналарға кондитерлік шеберлік сабағы өткізілді

Елордалық қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің оқытушылары ерекше күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отырған көпбалалы аналарға арнап заманауи десерттер дайындау жайлы шеберлік сабағын өткізді, деп хабарлайды
қала әкімдігінің ресми сайты.

Елордалық білім басқармасы, қоғамдық тамақтану және сервис колледжі "Бақытты шаңырақ" ҚҚ қолдауымен ерекше бала тәрбиелеп отырған 10 анаға арналған тегін мастер-класс ұйымдастырды.

Іс-шара аналарға әлеуметтік қолдау көрсету және елордалық колледж жұмысын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

"Бұл аналардың үйінен ұзап шықпағанына біраз болды. Бар уақытын бала тәрбиесіне арнап келеді. Өз ісін бастау үшін біріккісі келеді. Колледж мамандары оларға десерттерді дұрыс дайындау және сыртын әсемдеу керектігін көрсетті. Оқу орнының директоры колледждің қызметі туралы айтып, экскурсия өткізіп, кәсіби аспаздар мен кондитерлерді дайындау үшін қажетті заманауи жабдықтарды көрсетті. Мастер-классқа арналған барлық өнім алдын ала сатып алынды, мамандардың жетекшілігімен аналар десерттердің үш түрін дайындады: ванильді кекстер, "Павлова" десерті және "Қызыл барқыт" трайфл", - деді әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Мөлдір Бөлебаева.

Оның айтуынша, аналар шеберлік сабағына риза болып, іс-шараны тағы да өткізгісі келетіндігін білдірді.

Мастер-класс қатысушыларына аталмыш колледжде 3 айлық қайта даярлау курстарынан өту ұсынылды. Ол үшін елордалық Жұмыспен қамту орталығына тіркелу қажет. Курста оларға стипендия, ал соңында ары қарай жұмысқа орналасу туралы сертификат беріледі.

Айта кету керек, іс-шара санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып өткізілді.