
Нұр-Сұлтан қаласында Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолға алуымен «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» атты акция өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Акцияның негізгі мақсаты – тілдерді қолдану саласындағы заңнаманың сақталуын қадағалау, заңнаманы бұзғандардың жауапкершілігін күшейту, мемлекеттік тілді қолданудың мәртебесін өсіру, сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндерінде кездесетін қателіктердің алдын алу.
2019 жылдың сәуір-мамыр айларында акция аясында қаланың 68 көше мен 14 даңғылында орналасқан шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері қамтылды. Сондай-ақ кәсіп иелеріне заңнама талаптары түсіндіріліп, кемшіліктер түзелді.
400-ден астам рұқсатсыз орналастырылған жарнама нысан алынып тасталды.
Акцияның аралық қорытындысын ұйымдастырушылар «дөңгелек үстел» отырысында жариялайды. Оған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің басшылығы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті, Нұр-Сұлтан қаласының Прокуратурасы, қалалық кәсіпкерлер палатасы, «Алматы», «Байқоңыр», «Есіл», «Сарыарқа» аудандарының әкімдіктері, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармалары және т.б. мемлекеттік мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен арнайы шақырылған дәріскерлер қатысады.