Елордада тағы 12 мекеме карантинді бұзғаны үшін жабылуы мүмкін

Елордада тағы 12 мекеме карантинді бұзғаны үшін жабылуы мүмкін

Елордада карантиннің сақталуын қамтамасыз ету бойынша мобильді топтар жұмысы жалғасуда. Бүгін, Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен бірқатар мемлекеттік мекемелердің қызметі тоқтатылды: «Alanya» түнгі клубы (Манас к-сі, 9А) 3 айға 100 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салумен, «Janym Sol» караоке-бары (Б.Майлина к-сі, 37А) 1 айға 70 АЕК әкімшілік айыппұлмен, «Золото» мейрамханасы 1 айға 100 АЕК әкімшілік айыппұлмен.

Қызметті тоқтата тұру туралы сот шешімі орындалмаған жағдайда, аталған мекемелердің басшыларына қатысты әкімшілік қамауға алу шаралары қолданылады.

«Қазіргі уақытта карантинді бұзғаны үшін қоғамдық мекемелерге қатысты тағы 12 материал соттың қарауында. Бұған дейін жоғарыда аталған ШОК-қа бұзушылықтарды жою туралы бірнеше рет бұйрық шығарылған. Кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін тоқтата тұрудың мұндай тәжірибесі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып жалғасады», - делінген хабарламада.

Барлығы 28 желтоқсандағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласының аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына аудандық полиция басқармаларынан 2 458 материал, карантинді бұзған адамдарға қатысты үйлестіру орталығынан 261 жедел хабарлама келіп түсті. Жалпы сомасы 274 383 554 теңгеге 1411 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бүгінгі таңда жалпы сомасы 214 386 805 теңгеге 1130 әкімшілік айыппұл төленді.