«Кітап оқитын ұлт»: Астанада кітап оқу мәдениетін дамытудың жаңа тәсілдері ұсынылды

«Кітап оқитын ұлт»: Астанада кітап оқу мәдениетін дамытудың жаңа тәсілдері ұсынылды

Астанада педагогтер арасында үздік әдістемелік әзірлемелер байқауын өткізу ұсынылды. Бұл бастама «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында меморандумға қол қою кезінде айтылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Құжатқа Астана қаласындағы «Кітап оқитын ұлт» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жақсыбай Боранбаев пен «Өрлеу» ұлттық орталығының филиалы – елордалық Кәсіби даму институтының директоры Ерлан Қалмақов қол қойды.

Меморандумның мақсаты – әдебиетті халық арасында кеңінен насихаттау бағытында ынтымақтастық орнату.
Бірлескен жұмыстың алғашқы қадамдарының бірі ретінде әдістемелік әзірлемелер байқауын өткізу жоспарланып отыр. Мұғалімдер балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыратын өз тәсілдерімен бөлісе алады.

Үздік жұмыстарды одан әрі жетілдіріп, Астананың білім беру жүйесінде қолдану көзделген.
Бұл бастамалар республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысушыларға да пайдалы болмақ. Марафон аясында оқушылар мен басқа да қатысушылар 15 кітап оқып, әрқайсысына пікір жазуы керек.

Ұйымдастырушылар үшін марафон аяқталғаннан кейін де оқуға деген қызығушылықтың сақталуы маңызды.
«Біз оқу мәдениетін қалыптастырғымыз келеді. Кітап оқу әдетке айналып, бала он бесінші кітапты оқығаннан кейін он алтыншы кітапты да өз еркімен оқығысы келсе дейміз», – деді Жақсыбай Боранбаев.

Ол үшін тәлімгерлер қатысушылардың қызығушылығын қолдаудың тиімді әрі түсінікті тәсілдерін меңгеріп, олардың кітап оқуға ынтасы төмендей бастағанын дер кезінде байқай білуі керек. Байқау осындай әдістерді жинақтауға, соның ішінде мұғалімдердің ата-аналармен бірлесіп жұмыс істеу жолдарын анықтауға мүмкіндік береді.

Мектеп кітапханашыларына да ерекше көңіл бөлінбек. Жақсыбай Боранбаевтың айтуынша, олармен арнайы кездесу өткізу, ұсыныстарын тыңдау және кітап оқу мәдениетін дамытудағы рөлін талқылау жоспарланып отыр.
«Кітапханашы – кітап күзетушісі емес, білімнің шырақшысы», – деді ол. Сондай-ақ бүгінгі күні бұл мамандықтың маңызы жеткілікті бағаланбай жүргенін атап өтті.

Кездесу барысында педагогтер мектептерге кітап авторларын шақырып, балаларды әдебиетпен әртүрлі форматта таныстыру үшін айтыс ұйымдастыруды ұсынды. Айтылған барлық ұсыныс қаралады.