
Астанада білім алумен және жұмыспен қамтылмаған NEET санатындағы жастарды қолдауға арналған «Астана Жас жігер» жобасы аясында сегіз команданың қатысуымен футбол турнирі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан бастама жастардың әлеуметтенуіне, қоғамдық өмірге белсенді араласуына және өзара байланысын нығайтуға бағытталған. Жоба аясында спорттық жарыстармен қатар, заңгерлер мен психологтердің қатысуымен кеңес беру кездесулері мен білім беру дәрістері де өткізіледі.
«Бүгінде елордада 500 мыңға жуық жас бар. Олардың қатарында шығармашылықпен айналысатын, спортты серік еткен және ғылымға қызығатын жастар көп. Біз осы жолы елорда базарларында еңбек ететін жастардың басын қостық. Мұндай жобалар арқылы жастардың өзара байланысын нығайтып, олардың құқықтық, қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыруға болады», – деді Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев.
Алдағы уақытта спорт бағыты бойынша футболдан бөлек, волейбол, үстел теннисі, қол күресі, шахмат және басқа да спорт түрлерінен жарыстар өткізу жоспарланған. Сонымен қатар заңгерлер мен психологтердің қатысуымен кеңес беру кездесулері, білім беру дәрістері және ашық диалогтар ұйымдастырылады.
Басқарма басшысының айтуынша, елордада 20-дан астам базар бар. Олардың әрқайсысында спорт командалары бар. Жастардың басым бөлігі футболмен айналысады. Жоба осы командалардың басын қосып, ортақ қызығушылық арқылы байланыс орнатуына мүмкіндік береді.
Жоба аясында жастардың қоғамдық белсенділігін арттырумен қатар, мемлекеттік бағдарламалар мен бастамаларды ілгерілетуге де басымдық беріледі. Атап айтқанда, «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» қағидаттарын жастар арасында кеңінен насихаттау көзделген.