
Қазақстан 2027 жылы Астанада өтетін дзюдодан әлем чемпионатының туын ресми түрде қабылдап алды. Қазақстан спорты үшін маңызды оқиға Әзербайжан астанасы Бакуде өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Келесі әлем чемпионатын қабылдайтын ел ретінде Қазақстанға Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) туын табыстау рәсімі Бакуде әлем чемпионаты аясында өтті.
Халықаралық дзюдо федерациясының бас хатшысы Лиза Аллан IJF туын Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеевке табыстады.
Дзюдодан әлем чемпионаты 2027 жылғы 7-14 маусым аралығында Астанада өтеді. Ол 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына іріктеудің негізгі кезеңдерінің бірі болмақ. Әлем чемпионаты аясында спортшылар Олимпиадаға берілетін жолдамаларды бөлу кезінде ескерілетін маңызды рейтингтік ұпайлар үшін күреседі.
«Қазақстанда дзюдодан әлем чемпионатын өткізу – отандық спорт үшін айрықша маңызды оқиға әрі халықаралық спорт қауымдастығының бізге деген жоғары сенімінің белгісі. Бұл біз үшін үлкен мәртебе ғана емес, сонымен қатар зор жауапкершілік. Біздің міндетіміз – чемпионатты Халықаралық дзюдо федерациясының талаптарына сай, ең жоғары деңгейде өткізу. Ұлттық құраманы дайындауға ерекше көңіл бөлеміз. Өз жанкүйерлерінің алдында, татамиде өнер көрсету спортшыларымызға қосымша жауапкершілік жүктейді. Біз лайықты нәтижелерге қол жеткіземіз деп үміттенеміз және барлық қажетті жағдайды жасаймыз. Дайындық жүйесін жетілдіріп, сапалы жаттығу үдерісін ұйымдастырып, спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуына мүмкіндік береміз. Алда ауқымды әрі кешенді жұмыс тұр. Біз алдағы чемпионатты Қазақстанның әлемдік спорт аренасындағы орнын нығайтуға ғана емес, елімізде дзюдоны одан әрі дамытуға да пайдалануды көздеп отырмыз», – деді Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев.
2027 жылы Қазақстан өз тарихында дзюдодан әлем чемпионатын екінші рет қабылдайды. Бұған дейін елімізде әлемдік дода 2015 жылы өткен. Сонымен қатар 2023 жылдан 2026 жылға дейінгі төрт жыл бойы Қазақстан Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ресми күнтізбесіне енген әрі Олимпиада ойындарына іріктеу жүйесінде маңызды орын алатын беделді халықаралық Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирін ұйымдастырды. Осындай жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізу Қазақстанның әлемдік дзюдодағы орнын нығайтып келе жатқанын және еліміздің ірі халықаралық спорттық іс-шараларды қабылдауға дайын екенін көрсетеді.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Бакуде өткен әлем чемпионатын күміс медальмен аяқтады. Ұлттық құрамаға жүлдені 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем вице-чемпионы атанған Шерзод Давлатов әкелді.