
Елордадағы «Жастар» сарайында мектеп оқушылары, олардың ата-аналары мен педагогтерге арналған «Қауіпсіз мектеп – әркімнің жауапкершілігі» атты кездесу өтті. Іс-шараны Байқоңыр ауданының прокуратурасы құқық бұзушылықтардың алдын алу және буллингтен қорғау мақсатында ұйымдастырды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Жиынға аудан мектептерінің оқушылары, директорлары мен педагогтері, ата-аналар, прокуратура, полиция, Төтенше жағдайлар департаменті, Білім басқармасы және Бала құқықтарын қорғау басқармасының өкілдері қатысты.
Кездесудің мақсаты – балаларға өз құқықтары мен жауапкершілігін еске салу, қауіпті жағдайларды дер кезінде тануға көмектесу және оқушылар мен ересектер арасында ашық диалог орнату.
Іс-шараны ашқан Байқоңыр ауданы прокуратурасы бөлімінің бастығы Олжас Бекетов жасөспірім кезінде қабылданған шешімдер адамның кейінгі өміріне әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Ол буллингтің, зорлық-зомбылықтың, алкоголь мен есірткі қолданудың, сондай-ақ интернеттегі құқық бұзушылықтардың алдын алуға назар аударды.
«Мынаны атап өткім келеді: заң тек тыйымдар мен жауапкершіліктен тұрмайды, ең алдымен заң сіздерді қорғайды. Егер сіздерге қауіп төнсе, зорлық-зомбылыққа, буллингке, бопсалауға немесе құқықтарыңыздың өзге де бұзылуына тап болсаңыздар, мәселені жалғыз шешуге тырыспаңыздар. Ата-аналарыңызға, педагогтерге, мектеп психологына, полиция қызметкерлеріне немесе прокуратура органдарына жүгініңіздер», – деді Олжас Бекетов.
Кездесу барысында Байқоңыр ауданының прокуратурасы Q-Arts Production шығармашылық ұжымымен бірлесіп әзірлеген «Тоғыз тағдыр» әлеуметтік-профилактикалық сериалы таныстырылды. Ол 9 бөлімнен тұрады және жасөспірімдерге өмірлік оқиғалар арқылы ойланбай жасалған әрекеттердің ықтимал салдарын көрсетіп, жауапты таңдау жасаудың және заң талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіреді.
Қатысушыларға жол-көлік оқиғалары мен буллинг туралы бейнематериалдар да көрсетілді. Көрсетілімнен кейін Астана қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының өкілі, полиция подполковнигі Жақсылық Саят балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу туралы айтып берді.
«Біздің міндетіміз – балаларға жол қозғалысы ережелерін айтып қана қою емес, олардың бұл талаптарды күн сайын сақтауды тұрақты әдетке айналдыруына ықпал ету», – деп атап өтті Жақсылық Саят.
Ол электросамокаттарға да ерекше тоқталды. Биыл олардың қатысуымен 33 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 34 адам зардап шеккен. Мектеп оқушыларына жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолды кесіп өткен кезде самокаттан түсу және көлік жүргізушілерінің тоқтағанына көз жеткізу қажеттігі ескертілді.
Полиция өкілі ата-аналарға жол қозғалысы қауіпсіздігі ережелерін сақтауда жеке үлгінің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, қауіпсіздік талаптарын балалармен бірге талқылап, олардың орындалуын қадағалау қажет. Сондай-ақ ол мектептерде жас жол инспекторларының жасақтарын құруды ұсынып, оқушылардың жол қауіпсіздігі туралы білімді таратуға атсалысуына мүмкіндік беруге шақырды.
Есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы Астана қаласы ПД Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Жандос Сейтенов айтып берді.
«Жыл басынан бері Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы қаламыздың кәмелетке толмаған мектеп оқушыларына қатысты 12 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеді. Бұл есірткі құралдарын өткізу және сақтау фактілері», – деді ол.
Спикердің айтуынша, полиция әкімдікпен және есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңес мүшелерімен бірлесіп мектептерде дәрістер өткізеді, жұмысқа психологтарды тартады және спорттық іс-шараларды қолдайды.
ТЖД өкілдері балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу шаралары туралы айтып берді. Олар терезелерге арнайы блокираторлар орнатудың қажеттігін, кішкентай балаларды қараусыз қалдыруға болмайтынын және терезе маңына жиһаз қоймау керектігін еске салды. Сондай-ақ масаға қарсы тордың баланы терезеден құлап кетуден қорғамайтыны жеке түсіндірілді.
Құтқарушылар су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесіне және алғашқы мұзға шығудың қауіптілігіне де тоқталды. Өрт қауіпсіздігі жөніндегі бөлім барысында қатысушыларға эвакуация тәртібі түсіндіріліп, жедел қызметтердің 101 және 112 нөмірлері еске салынды.
Кездесу барысында балалармен тікелей пікір алмасуға да көңіл бөлінді. Астана қаласы Білім басқармасының кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Гүлсім Хасенова залда оқушылармен әңгімелесті. Балалар өз армандары, мақсаттары және соларға жету үшін қазірдің өзінде не істеп жүргендері туралы айтып берді.
Спикерлер қатысушылармен ата-аналармен қарым-қатынас және жақын адамдардың қолдауының маңызы туралы да әңгімелесті. Балаларға қиындықтар туралы ашық айтып, өздері сенетін ересектерден көмек сұраудың маңызды екені ескертілді.
Аудан прокуратурасы қауіпті жағдайлардың алдын алу үшін отбасы, мектеп және мемлекеттік органдардың тұрақты түрде бірлесіп жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті.
#законипорядок #заңментәртіп