
Елордада Отбасы күніне орайластырылған Отбасы апталығы басталды. Оған еліміздің барлық өңірінің тұрғындары қатар қатысып жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
7-13 қыркүйек аралығында тұрғындар отбасының құндылығы мен әл-ауқатын насихаттайтын түрлі ақпараттық, ағартушылық және қоғамдық бастамаларға қатыса алады. Жоспарланған іс-шаралар туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан айтып берді.
Спикердің айтуынша, тақырыптық аптаның әр күні белгілі бір бағытқа арналады:
• 7 қыркүйек – ұрпақтар сабақтастығы және дәстүр мен заманауи кезеңнің байланысы;
• 8 қыркүйек – отбасын саналы түрде құру;
• 9 қыркүйек – жауапты ата-ана болу;
• 10 қыркүйек – балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі;
• 11 қыркүйек – отбасы қамқорлық пен қолдау көрсететін орта;
• 12 қыркүйек – өмірлік қиын жағдайларда өзара көмек көрсету;
• 13 қыркүйек – ата-ана мен баланың бірге уақыт өткізуі.
«Елордада отбасылық дәстүрлер, салауатты қарым-қатынас, отбасы бюджеті, жауапты ата-ана болу және дағдарысты жағдайларды еңсеру жолдары туралы кездесулер мен ашық диалогтар ұйымдастырылады.
Жастарға да ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, қарым-қатынасты сенім мен өзара құрметке негіздеу, шешімдерді бірге қабылдау, тұрмыстық және қаржылық мәселелерді бірлесіп шешу, сондай-ақ жеке шекараны сақтаудың жолдары талқыланады.
Апта бағдарламасында отбасылық өмірдегі өзекті мәселелерге арналған кездесулер мен ашық форматтағы іс-шараларға ерекше орын беріледі. Қатысушылар салауатты қарым-қатынас, отбасы бюджеті, жауапты ата-ана болу және дағдарысты жағдайларды еңсеру жолдарын талқылайды.
Сондай-ақ «Күміс кереге, Алтын шаңырақ» іс-шарасы, балабақшаларда ата-аналармен кездесулер және қиын кезеңде отбасына қолдау көрсету мәселесіне арналған «Отбасы дағдарыс кезеңінде» атты әңгімелесу ұйымдастырылады», – деді Назгүл Мақжан.
Әлеуметтік желілерде апталық «Телефонсыз уақыт», «Отбасындағы шынайы оқиға» және «7 күн – 7 пайдалы кеңес» бастамаларымен толықтырылады. Олар жақындармен қарым-қатынасқа, отбасылық оқиғаларға және қарым-қатынасты нығайтуға көмектесетін қарапайым кеңестерге назар аударуға мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылар отбасыларды телефондарын ысырып, бірге бас қосуға, жақындарымен әңгімелесуге және бір-біріне уақыт бөлуге шақырады.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде #Otbasym2026 «Отбасымыздың бір күні» жалпыұлттық челленджі басталды. Оған Астана тұрғындары да қатысып, отбасылық өмірден естен кетпес сәттерімен бөлісе алады.
Спикердің айтуынша, отбасыға деген көңіл бөлу тек осы апта аясында ғана емес, күн сайын жалғасып, өзара түсіністік, қолдау және жауапкершілік мәдениетін нығайтуға бағытталуы керек.
«Әр отбасы қиын жағдайға тап болған кезде қайда жүгінуге болатынын және қажетті көмекті қай жерден алуға болатынын білуі маңызды. Отбасы күні күнделікті қарбаласта бір сәт аялдап, жақындарға көбірек көңіл бөлуге және қарым-қатынасты шын мәнінде берік ететін нәрселер туралы ойлануға мүмкіндік береді.
Сенім, құрмет, қамқорлық және бір-бірін тыңдай білу үйде жылы атмосфера қалыптастырады. Балалар махаббат пен қауіпсіздік жағдайында өссін, ал аға буын әрдайым көңіл мен қамқорлыққа бөленсін», – деп қорытындылады спикер.