
Қазақстанда жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде Отбасы күні аталып өтеді. Осы мерекеге орай елімізде 7-13 қыркүйек аралығында өтетін Отбасы апталығы басталды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Апта бойы ел өңірлерінде отбасылық құндылықтарды нығайтуға, өзара қарым-қатынас мәдениетін дамытуға және ата-ана жауапкершілігін арттыруға бағытталған ақпараттық, ағартушылық және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Отбасы апталығының әр күні ұрпақтар сабақтастығы, отбасын саналы түрде құру, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі, отбасының әл-ауқаты және отбасы мүшелерінің бірге уақыт өткізуі сияқты түрлі тақырыптарға арналады.
Әлеуметтік желілерде «Отбасымыздың бір күні» ұранымен #Otbasym2026 жалпыұлттық челленджі де өтеді.
Отбасы апталығы аясындағы бірқатар іс-шара Астанада да басталды.