Елордада мемлекет пен азаматтық сектордың өзара іс-қимылының жаңа тәсілдері енгізіледі

Елордада мемлекет пен азаматтық сектордың өзара іс-қимылының жаңа тәсілдері енгізіледі

Нұр-Сұлтанда «Қоғам және мемлекет: серіктестік пен дамудың 30 жылы «Birgemiz» IX Азаматтық форумы өтті. Онда азаматтық қоғамды дамыту мәселелері талқыланды. Форум үкіметтік емес сектордағы жаңа тенденцияларды белгілейтін қоғам белсенділері, мемлекеттік органдар, бизнес құрылымдар, халықаралық ұйымдар және сарапшылар қауымдастығының өкілдерін біріктірді.

Шараға Ақпарат және әлеуметтік даму вице-министрі Болат Тілепов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығы кеңесінің төрайымы Айгүл Соловьева, Нұр-Сұлтан қалалық Азаматтық бастамалар орталығының жетекшісі Махаббат Еспенова, ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму вице-министрі Болат Тілепов өзінің құттықтау сөзінде тәуелсіздік жылдарында азаматтық қоғам қол жеткізген үкіметтік емес сектор жетістіктерін атап өтті. Бүгінде республикада Ұлттық сенім кеңесі табысты жұмыс істеуде, «Қазақстан Республикасында азаматтық секторды дамыту тұжырымдамасы» стратегиялық құжаты қабылданды, еріктілер мен еріктілер ұйымдарының жұмысы құрылды. Бұл жұмыстардың барлығы ҮЕҰ мен мемлекеттік органдардың серіктестігімен жүзеге асырылды.

Кездесу барысында айтылғандай, елордада ҮЕҰ мен мемлекет серіктестігінің жаңа тәсілдерін енгізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта ұзақ мерзімді әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру тұрғысынан мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасындағы өзара іс-қимыл мәселесі қайта қаралуда. Үкіметтік емес ұйымдардың гранттық жобаларын бюджеттік жоспарлау форматында, сондай-ақ деңгейлі гранттар жүйесін енгізуде өзгерістер күтілуде.

Сонымен қатар белсенділерді қоғамдық бақылауға тартуға ерекше назар аударылады. Бұл бағытта алғашқы қадам жасалды. Атап айтқанда, бүгінде қоғамдық бақылау тұжырымдамалары мен процестері бекітілетін «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы әзірленуде.

Еске сала кетейік, ақпан айында елордада азаматтық бастамалар мен әлеуметтік бағыттағы коммерциялық емес ұйымдарды қолдау мақсатында Азаматтық бастамалар орталығы құрылды. Орталық ҮЕҰ-ны дамыту мен нығайтуға, елорда тұрғындарын қоғамның әлеуметтік маңызды мәселелерін шешу процестеріне белсенді тартуға көмектеседі.

Орталықтың қатысуымен жүзеге асырылатын жобалар негізінен ерекше балалар тәрбиеленетін отбасылар, халықтың әлеуметтік осал топтары, көпбалалы отбасылар өмірін жақсартуға қатысты. Сондай-ақ экологиялық мәселелер, инклюзивті білім беру, ұлттық бірегейлікті сақтау бойынша идеялар жүзеге асырылуда.

Қазақстанда Азаматтық форум елдің қоғам қайраткерлерін біріктіретін дәстүрлі шараға айналған. Форум 2003 жылдан бастап екі жылда бір рет өткізіліп келеді.