«Заң мен тәртіп»: Астанада жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу үшін түнгі рейд өткізілді

«Заң мен тәртіп»: Астанада жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу үшін түнгі рейд өткізілді

Астана қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түнгі профилактикалық рейд ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара Алматы ауданы прокуратурасының бастамасымен өткізіліп, оған полиция басқармасы мен аудан әкімдігі өкілдері қатысты. Рейд барысында Алматы ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры, 1-сыныпты заңгер Ботагөз Секенова түсініктеме беріп, шараның негізгі мақсаттары мен міндеттерін атап өтті.

«Рейдтің басты мақсаты – кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта қараусыз жүруінің алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың профилактикасын күшейту. Сонымен қатар жасөспірімдердің заңсыз немесе қауіпті жағдайларға тап болуының алдын алу көзделеді», – деді Ботагөз Секенова.

Заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмағандардың сағат 23:00-ден кейін үйінен тыс жерде заңды өкілдерінсіз жүруіне тыйым салынған. Ал сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында ересектердің қарауынсыз жүруіне жол берілмейді. Бұл талаптардың сақталуы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Рейд барысында компьютерлік клубтар, кинорумдар, сауда-ойын-сауық орталықтары, саябақтар, аулалар және жастар жиі жиналатын өзге де қоғамдық орындар тексерілді. Нәтижесінде түнгі уақытта жалғыз жүрген 15 жасөспірім анықталып, кәмелетке толмағандар мен олардың ата-аналарымен түсіндіру жүргізіліп, заң аясында тиісті шаралар қабылданды.

Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.

Қалалық прокуратура өкілдерінің мәлімдеуінше, мұндай профилактикалық рейдтер жаз мезгілінде тұрақты түрде жалғасын табады. Бұл – жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған маңызды шаралардың бірі.

#законипорядок #заңментәртіп