Жаңа оқу тоқсанында мектептер жұмысы қалай ұйымдастырылады?

Жаңа оқу тоқсанында мектептер жұмысы қалай ұйымдастырылады?

Бүгіннен бастап елорда мектептерінде екінші тоқсан басталды. Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы атап өткендей, елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, оқыту форматына бірқатар өзгерістер енгізілді.

Осылайша бесінші сынып оқушылары үшін де кезекші сыныптар ұйымдастырылды. Бұрын ата-аналарының қалауы бойынша мектепке 1-ден 4-сыныпқа дейінгі балалар ғана бара алатын. Сонымен қатар халықаралық білім беру мекемелерінде бірінші сыныптан жетінші сыныпқа дейінгі оқушылар оқуға жіберілді.

«Мектептер тепловизорлар, дезинфекциялық төсеніштер, барлық қажетті дезинфекциялық құралдармен жабдықталған. Ата-аналар ғимаратқа кірмей, балаларын мектепке алып келуі керек. Баланың температурасы кіре берісте өлшенеді, антисептикпен қолды міндетті түрде өңдеу, маска тағу керек», - деп түсіндірді білім басқармасы.

Сонымен қатар санитарлық дәрігердің бұйрығымен бір бала COVID-19 ауруымен ауырған жағдайда бүкіл мектеп қашықтан оқытуға көшетіні көрсетілген. Кезекші сыныпқа қатысу ата-аналардың қалауы бойынша жүзеге асырылады. Екінші тоқсанда елордада 3341 кезекші сынып құрылды, оларда 47 945 бала оқиды.