
Елордада полиция қызметкерлері, еріктілер және әкімдік өкілдерінің сауда орталықтарына, дүкендерге және басқа да адам көп жиналатын жерлерге рейдтері жалғасуда. Іс-шаралар коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында өткізіледі. Бірқатар мекемелер, карантиннің күшейтілгендігіне қарамастан, талаптарды елемей келеді.
Сонымен, 12 қараша күні сағат 23:50-де мобильді топ кестені бұзып жұмыс істеп жатқан Respawn ойын клубын анықтады. Мекемеде 24 адам болған. Осындай заң бұзушылық 13 қарашада сағат 01:20-да «Кентау» дүкенінде тіркелді.
Кәсіп иелеріне қатысты жиналған материал процессуалдық шешім қабылдауға жіберілді.
Жалпы алғанда, 11 қарашадағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласының тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аудандық басқармаларына карантинді бұзған адамдарға қатысты аудандық полиция басқармаларынан 1981 материал келіп түскен. Жалпы сомасы 184 370 856 теңгеге 905 жеке, лауазымды және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бүгінгі таңда 717 әкімшілік айыппұл жалпы сомасы 146 574 535 теңгеге төленді.