«Қайырымдылық жүректен»: Астанада балаларға арналған қайырымдылық концерті өтті

«Қайырымдылық жүректен»: Астанада балаларға арналған қайырымдылық концерті өтті

Астанада Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Қайырымдылық жүректен» атты қайырымдылық концерті өтті. Іс-шараға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ ерекше күтімді қажет ететін балалар қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

№110 жалпы білім беретін орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақтоты Ахметованың айтуынша, мұндай шаралар оқушылардың өнері мен білімін бағалап, олардың қоғамға бейімделуіне оң әсер етеді.

«Бүгін мектебімізде қайырымдылық акциясы өтіп жатыр. Осындай іс-шаралар балалардың өнерге, өмірге деген қызығушылығын арттырып, олардың әлеуметтенуіне ықпал етеді. Біздің мектеп 2025 жылдың 1 қыркүйегінде 2 661 оқушымен ашылған болатын. Қазіргі таңда оқу жылын 3 800 оқушымен аяқтап отырмыз», – деді ол.

«Мейірімділік М» қайырымдылық қорының төрайымы Айгүл Сейілова қордың 15 жылдан бері Астанада қайырымдылықпен айналысып келе жатқанын айтты.

«Біз Жаңа жыл мерекесі, Балаларды қорғау күні, мектепке дайындық кезеңінде түрлі іс-шаралар өткізіп келеміз. Бүгін Нұра ауданындағы жаңадан ашылған №110 мектепте ерекше және жетім балалардың көңілін көтеру мақсатында бас қостық.

Балаларымыз бақытты болуы үшін қолдан келгенше қуаныш сыйлауға тырысамыз», – деді қор төрайымы.

Мерекелік іс-шарада оқушылар мен ұстаздар өнер көрсетті. 1-сынып оқушысы Ақтілек Битуған «Дастарқан» әнін орындаса, 7-сынып оқушылары заманауи би биледі. Музыка пәнінің мұғалімдері «Аққу арман» әнін шырқап, дарынды оқушылар домбыра және қобызбен күй орындады. Сонымен қатар Алтыншаш Мұқатаева «Бабалар үні» әнін айтып, Карим Голда «Бақытты болайық» әнін тарту етті.

Қайырымдылық акциясы балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.