Әлеуметтік желілерде «Абайға апаратын жолдар. Қайым Мұхамедханов» тақырыбында онлайн сұхбат ұйымдастырылды

Әлеуметтік желілерде «Абайға апаратын жолдар. Қайым Мұхамедханов» тақырыбында онлайн сұхбат ұйымдастырылды

«Ұлы Даланың ұлы есімдері» жобасы аясында қайымтанушы, Қайым Мұхамедхановтың шығармалар жинағының 10-томдығын құрастырушы Ербол Іргебаймен «Абайға апаратын жолдар. Қайым Мұхамедханов» тақырыбында сұхбат өтті.

«Абайға шығатын бір шың – Қайымның жолы. Қайымның түсінігі арқылы біз Абайды танып келеміз. Ол ең бірінші, Абайдың ақындық мектебін зерттеген тұлға. Екінші, 1957-1958 жылдарда Абай өлеңдеріне текстологиялық тұрғыда талдау жасап, әр өлеңдегі сөздің мағынасының дұрыс болуына атсалысқан.1940 жылы Семейде ашылған Абай мұражайын тұңғыш ұйымдастырушылардың бірі болды», - деп атап өтті Ербол Іргебай.

Сондай-ақ Қайым Мұхамедхановтың еңбектерін бір ізге салып, оны жинаған шәкірттері туралы сөз болды. Осыған орай Қайым шығармаларының 10-томдығын дайындау-шығару жұмыстары жайлы да айтылды.

«Қайым артына мол мұра қалдырды. 1936 жылдан бастап жазған дүниелері өте көп. Осы мұраның барлығы өзі өмірден кеткен соң, Еуразия ұлттық университетінің жанындағы Отырар кітапханасына берілген. Профессор Тұрсын Жұртбайдың тапсырмасымен кітаптың жұмысына кірістім. Сегіз жылда 10 томдық шықты. Әр томға түрлі шығармалары кірді. Соңғы 10-шы томына 1951 жылы қорғалған диссертацияның стенограммасы енді. Келешекте Абайды танимын, Қайымды оқимын дейтін жас ғалымдар болса, осы томнан барлығын тауып алуға болады», - дейді қайымтанушы.

Айта кетсек, «Ұлы Даланың ұлы есімдері» жобасы аясында бұған дейін танымал абайтанушы Тұрсын Жұртбаймен сұхбат ұйымдастырылған болатын.

Атылмыш жоба тарихи ұлы тұлғаларымыздың рухани мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттап, қоғамдық сананы жаңғыртуды мақсат етеді.