Еріктілер санитарлық нормаларды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда

Еріктілер санитарлық нормаларды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда

Нұр-Сұлтан қаласының волонтер-медиктері халық көп шоғырланған жерлерде 1500 медициналық маска таратып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. «Волонтерлық бастамаларды қолдау» жобасы аясында елімізде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына волонтерлер де өз үлестерін қосуда.

Акцияға 20-ға жуық ерікті, полиция департаментінің қызметкерлері, волонтерлік ұйымдар өкілдері, Астана медицина университетінің белсінді студенттері қатысты. Бұл жолы олар қаламыздың орталық саябағы мен «Астаналық» базары маңындағы халық көп шоғырланған жерлерде болды.

Айта кетейік, бүгінде Астана медицина университетінің волонтерлары арнайы медициналық оқу курстарынан өтуде. Алдағы уақытта олар дәрігерлерге өз көмектерін көрсетіп, волонтерлік қызмет жасайтын болады.

«Елордада 53 волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Солардың бірі - Қазақстанның медицина жастары. Олар жеке қорғаныс құралдарын сатып алады және таратады, тәуекел тобындағы азаматтарды аралайтын жергілікті дәрігерлерге көмектеседі. Коронавирустың алғашқы толқыны кезінде біз олармен қатар жұмыс істеп, медицина қызметкерлерінің жұмысын көрдік. Атап айтқанда, дәрі-дәрмектер жеткіздік, жедел жәрдем қызметіне көмектестік. Сонымен қатар 47 медицина еріктілері Ramada Plaza қонақ үйіндегі ауруханада жұмыс істеді», - деді Нұр-Сұлтан қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы Дәулет Кәрібек.

Еріктілер мен дәрігерлер аурудың алдын алу емдеуден гөрі оңай болатынын еске салды. Дәрігерлер тағы да қала тұрғындарын маска тағуға және барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

Айта кетейік, еріктілер мобильді топтар құрамында күнделікті жұмыс істеп, тұрғындарға профилактикалық шараларды түсіндіреді.