«Заң мен тәртіп»: елордалық оқушыларға алаяқтардың тұзағына түспеу және төтенше жағдайда не істеу керектігі түсіндірілді

«Заң мен тәртіп»: елордалық оқушыларға алаяқтардың тұзағына түспеу және төтенше жағдайда не істеу керектігі түсіндірілді

«Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Адал азамат» бағдарламасы аясында елордадағы №96 мектеп-гимназияда «Қауіпсіз бағыт» атты интерактивті іс-шара өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара барысында өртке қарсы қызмет мамандары, полиция қызметкерлері және Astana IT University өкілдері оқушыларға төтенше жағдай кезінде өзін қалай ұстау керектігін, кибералаяқтардың айласына түсіп қалмау жолдарын, сондай-ақ күмәнді заттар анықталған жағдайда қандай әрекет жасау қажет екенін түсіндірді.

№96 мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айжан Арынованың айтуынша, кездесудің басты мақсаты – балалардың қауіпсіздік туралы білімін арттыру. Осы мақсатта арнайы мамандар шақырылып, олар оқушыларға жолда жүру ережелері, төтенше жағдайдағы мінез-құлық, гаджеттерді пайдалану кезінде күмәнді сілтемелерді ашпау қажеттігі туралы түсіндіру жүргізді. Сонымен қатар әрбір бала заң аясында өз құқықтарын білуі тиіс екені атап өтілді. Осыған байланысты сот жүйесі мен ювеналды полиция өкілдері де шақырылған.

Оқушыларға өрт сөндіру техникасы да таныстырылды. Әсіресе өрт сөндірушілердің отты сөндіру кезіндегі әрекеттерін тамашалау балаларға ерекше қызық болды. Ал кинологтар қызметтік иттің жарылғыш заттарды іздеу барысын көрсетті.

11 «Ә» сынып оқушысы Ақерке Ержанқызының айтуынша, іс-шара барысында күмәнді зат табылған жағдайда не істеу керектігін, төтенше жағдайда өзін қалай қорғау қажет екенін, сондай-ақ кибералаяқтардан қорғау және өз құқықтарын қорғау жолдарын үйренген. Ол сондай-ақ мұндай тақырыптар әр дүйсенбі күні сынып сағатында да тұрақты түрде қозғалатынын атап өтті.

Кездесу соңында іс-шараға қатысқан қонақтарға алғыс хаттар табысталды.

#законипорядок #заңментәртіп 

і