
Тұрғын үйлер мен қоғамдық кеңістіктерде бейнеленген муралдар қаланың келбетін ашып, жарқын бояулармен, түрлі композициялармен көрік береді. Нұр-Сұлтан көшелеріндегі арт-өнер галереясы қазақстандық және шетелдік суретшілердің туындыларына бай. Қаладағы ерекше муралдарға елорда әкімдігінің ресми сайты анықтап, шолу жасаған еді.
- "Ғарыш ортасы" муралы. Осы жазда елордадағы Қабанбай батыр даңғылында Дөңгелек алаңның көпір бөлігінде пайда болды. Жұмбақ ғалам, зерттелмеген планеталар мен ғарыштық денелер бұл жерге ерекше атмосфера сыйлайды.
- Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың портреті Абай даңғылында орналасқан көпқабатты үйдің сәнін келтірді. Бұл жұмыс ақынның 175 жылдығына орай Байқоңыр әкімдігінің қолдауымен салынды.
- Коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне арналған "Біз біргеміз" муралы. Композиция Сарыарқа және Жангелдин көшелерінің қиылысында орналасқан тұрғын үйдің қасбетінде бейнеленген.
- Елордадағы тұрғын үйлердің бірінде орындалған "Иллюстрация" кейіпкерлер галереясын суретші Александра Калачева 2018 жылы Urban Fest Astana аясында бейнелеген. Қасбетке салынған суреттерде қала тұрғындарының күнделікті өмірі бейнеленген.
- Әзірбайжандық суретші Самир Салаховтың "Даладағы түс” стрит-артында (Молдағұлова көшесіндегі үйде) барыс пен ақбөкен бейнеленген.
- Есенберлин көшесіндегі үйде орналасқан Zmogk-тың "Тарих" муралы. Бұл муралдың жарқын түстері көз тартады. Суретте тарихи оқиғаларды қағазға түсіріп отырған қыз бейнеленген.
- Евгений Ches-тің "Табиғат тақырыбындағы коллажы" бетон үйлер, шыны ғимараттармен астасқан қалалық көрініске табиғат мотивтерін араластырады.