
Инвестициялық кеңесте нан зауыты, сүт зауыты, көкөніс қоймасының құрылысына қатысты жобалар қолдау тапты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің "Инстаграм" парақшасында жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
"Кез келген қарқынды өсіп жатқан қалаға әлеуметтік нысандар да, азық-түлік кәсіпорындары да көбірек қажет. Инвестициялық кеңесте нан зауыты, сүт зауыты, көкөніс қоймасының құрылысына қатысты жобалар қолдау тапты. Бұл шаралар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, нарықты жергілікті тауармен жабдықтауға, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Инвестиция мәселелері жөніндегі өңірлік кеңесте - оқу орындарының (мектептер, балабақшалар), металл-пластик конструкцияларын шығаратын зауыттың, өндірістік-қойма үй-жайларының және басқа да бірқатар маңызды нысандардың құрылысына қолдау көрсетілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, инвесторларға қолайлы жағдай жасаймыз. Өйткені, әрбір инвестициялық жоба экономикаға жеке инвестицияларды тартып қана қоймай, сонымен бірге - қала мен қала тұрғындарына қажет нысандар мен жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді", - деп жазды Алтай Көлгінов.