
Байқоңыр ауданында керек жабдықтармен жарақталған өрт сөндіру депосы ашылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өз "инстаграм" парақшасында жазды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
“Қалаға қажет әлеуметтік және басқа да нысандарды жүйелі түрде көбейтіп жатырмыз. Байқоңыр ауданында керек жабдықтармен жарақталған өрт сөндіру депосын аштық. Төрт қабатты ғимаратта өрт сөндірушілерге қажеттің барлығы бар. Депо шеберханамен, аккумулятор бөлмесімен, психологиялық жайлану бөлмесі бар спорт залымен, оқу класымен, халықты инструктаждан өткізу бөлмесімен және т.б. жабдықталған.
Бұған қоса, жоғары қабаттарда қызметкерлерге бөлмелер мен пәтерлер берілді. Сонымен бірге, биыл құтқарушыларға 10 машина алынды, жарын тағы 50 машина аламыз.
Азаматтық қорғаныс органдарының 25 жылдығы қарсаңында өмірін шарапаты мол іске арнаған құтқарушыларды құттықтаймын. Олар ажалдан арашалап қалған жандар көп. Денсаулық пен бақуатты ғұмыр тілеймін!”, - деп жазды Алтай Көлгінов.