
Мемлекет басшысы БАҚ-қа берген дәстүрлі жыл сайынғы сұхбатында Қазақстандағы әлеуметтік қолдау жүйесі туралы ой қозғады. Президент көтерген мәселелерге ҚР Әйелдер күштері альянсы төрағасының орынбасары әрі Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Баян Тойкебаева пікір білдірді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
«Жыл қорытындысына арналған сұхбатында Мемлекет басшысы елдегі әлеуметтік саясаттың біртіндеп масылдықты ынталандыруға айналып бара жатқанын атап өтті. Қоғам белсендісі әрі кәсіпкер ретінде мен әлеуметтік қолдау атаулы және уақытша болуы тиіс деп санаймын. Ол өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға – қарттарға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, балалы отбасыларға қажет. Алайда көмек мемлекет есебінен өмір сүру дағдысына айналмауы аса маңызды.
Мемлекет адамдарға балық емес, қармақ беруі керек. Қолдау – адамның қайта аяққа тұруына, қайта оқып, жұмыс табуына немесе өз ісін бастауына мүмкіндік беретін трамплин болуы тиіс. Ал жәрдемақы өмір сүру салтына айналып, дербестікке ынталандырмаса, бұл масылдыққа апарады.
Шекара дәл осы жерде: көмек – дамуға және қоғамға пайдалы болуға мүмкіндік берсе – иә, ал мәңгілік «қол жайып отыру» формасына айналса – жоқ. Бүгінгі таңда мемлекет пен қоғамның міндеті – адамдарды өз өміріне жауапкершілік алуға, құндылық жасауға ынталандыру.
Қазіргі кезде көмекті алуға үйреніп қалған адамдар да бар. Мұндай санат үшін қауымдастықтар мен даму орталықтары арқылы орта мен мүмкіндіктер қалыптастыру қажет.
Мен Президенттің әлеуметтік қолдау атаулы болуы керек деген тезисімен келісемін. Қоғам белсендісі ретінде шынымен де көмекке мұқтаж адамдардың бар екенін жиі көремін. Олар – қарттар, мүмкіндігі шектеулі жандар, балалы отбасылар, уақытша жұмыссыз қалған азаматтар.
Мұндай жағдайда мемлекет жанынан табылып, қолдау адамның қайта аяққа тұруына сеп болуы тиіс.
Алайда кәсіпкер ретінде мен екінші жағын да байқаймын: кейбір адамдар жәрдемақыға үйреніп, оны уақытша құрал емес, тұрақты табыс көзі ретінде қабылдай бастайды. Мұндай тәуелділік бастаманы жойып, масылдық сананы қалыптастырады.
Меніңше, негізгі шекара – әлеуметтік қолдау дербестікке ынталандыруды тоқтатқан сәттен басталады. Егер адам көмекті қайта оқуға, жұмыс табуға, шағын бизнес ашуға мүмкіндік ретінде пайдаланса – бұл болашаққа салынған инвестиция. Ал көмек өзгеріске ұмтылмай, тұрақты табыс көзіне айналса, бұл жүйенің дұрыс жұмыс істемей тұрғанының белгісі.
Бүгінгі мемлекеттің басты міндеті – осал топтарды қорғау мен еңбекке қабілетті азаматтарды экономикаға тарту, жауапкершілік алуға және құндылық жасауға ынталандыру арасындағы тепе-теңдікті табу», – деді Баян Тойкебаева.