Назгүл Мақжан: 2026 жыл – күрделі, бірақ ел дамуы үшін қажет шешімдер жылы

Назгүл Мақжан: 2026 жыл – күрделі, бірақ ел дамуы үшін қажет шешімдер жылы

Астана әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатында айтылған 2026 жылдың негізгі басымдықтарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Назгүл Мақжанның айтуынша, Президент сұхбатында Қазақстанның жаңғыру жолындағы басты бағыттары айқын көрсетілген. Оның ішінде әділдік, заңдылық, жауапкершілік пен еңбекқорлық қағидаттарына негізделген реформалардың маңызы ерекше атап өтілген.

«Қазақстан тұрақты даму жолымен алға жылжып келеді.

Мемлекет басшысы реформалардың тиімділігі қоғамдағы әділеттілік пен заң үстемдігіне тікелей байланысты екенін нақты көрсетті, — деді ол.

Комиссия төрағасының орынбасары Президенттің масылдыққа жол бермеу жөніндегі ұстанымына да тоқталды. Сол сияқты Мемлекет басшысы шамадан тыс және бұрмаланған әлеуметтік жеңілдіктер тәуелділік пен теріс әрекеттерге әкелетінін ашық айтқанын тілге тиек етті.

«Әлеуметтік мемлекет дегеніміз – жауапсыздықты қолдау емес, шын мәнінде көмекке мұқтаж азаматтарға бағытталған жүйе. Бұл қоғам үшін өзекті әрі шынайы мәселе», – деді Назгүл Мақжан.

Сонымен қатар 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы ел экономикасының болашағы үшін маңызды қадам екені атап өтілді. Бейінді министрліктің құрылуы, суперкомпьютерлерді іске қосу, Astana Hub-ты дамыту және кадр даярлау жаңа жұмыс орындарын ашуға негіз болады.

Әлеуметтік әділеттілік пен қайырымдылық мәселесіне де ерекше мән берілді, сондай-ақ бизнестің қоғам алдындағы жауапкершілігі күшейіп, қайырымдылық құрметті міндет ретінде бағалануы тиіс екенін, ал осы бағытта «Мейірім» орденінің енгізілуі жасампаз патриотизмнің символы ретінде қарастырылып отырғанын тілге тиек етті.

«Таза Қазақстан» бастамасы – бұл бір реттік акция емес, ойдағы, істегі және қоғамдық қатынастардағы тазалыққа негізделген тұтас құндылықтар жүйесі», – деді ол.

Қорытындылай келе, Назгүл Мақжан жаңғыру тек технологиялық өзгерістермен шектелмейтінін, ол ең алдымен еңбекке құрмет, жеке жауапкершілік пен азаматтық сананың жетілуін талап ететінін атап өтті.

«2026 жыл күрделі, бірақ ел дамуы үшін қажетті шешімдер қабылданатын кезең болады.

Әр азамат ел болашағына өз үлесін қосуы тиіс», – деді ол.