Бахаргүл Төлеген: Президент сұхбаты реформалардың жүйелілігі мен сабақтастығын айқын көрсетті

Бахаргүл Төлеген: Президент сұхбаты реформалардың жүйелілігі мен сабақтастығын айқын көрсетті

Астана қаласы мәслихатының депутаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бахаргүл Төлеген «Turkistan» газетінде жарияланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатында реформалардың жүйелілігі мен сабақтастығы айқын көрінгенін мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бахаргүл Төлегеннің айтуынша, Президент сұхбаты Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалардың бірізді әрі сабақтас сипатта жалғасып келе жатқанын көрсетеді.

Әсіресе экономиканы жаңғырту, өңірлерді дамыту және адами капиталды нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген.

«Мемлекет басшысының сұхбатында ел дамуының негізгі бағыттары нақты айқындалған. Экономикалық өзгерістермен қатар, өңірлік теңгерімді қамтамасыз ету мен адам әлеуетін арттыруға басымдық берілуі – ұзақ мерзімді тұрақты дамудың маңызды кепілі», – деді ол.

Қалалық мәслихат депутаты ретінде Бахаргүл Төлеген жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтуге және биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған ұстанымның маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастамалар жергілікті деңгейдегі күнделікті жұмыс пен тұрғындардың нақты сұраныстарымен тікелей үндеседі.

Сонымен қатар, халықтық шығармашылық саласында кәсіпкерлікпен айналысатын тұлға ретінде ол ұлттық болмысты сақтау, креативті индустрияларды дамыту және мәдени әлеуетті арттыру мәселелеріне көрсетілген назарды жоғары бағалады.

«Дәстүрлі құндылықтарды заманауи тәсілдермен ұштастыру шағын және орта бизнеске, қолөнер шеберлеріне және шығармашылық кәсіп иелеріне жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді депутат.

Оның пікірінше, Мемлекет басшысының сұхбаты елдің орнықты дамуына, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғаммен ашық диалог орнатуға бағытталған мемлекеттік саясаттың алдағы уақытта да дәйекті түрде жалғасатынына сенім ұялатады.