Астана тұрғыны JOLTAP жобасы аясында сұранысқа ие жаңа мамандықты нөлден бастап меңгерді

Астана тұрғыны JOLTAP жобасы аясында сұранысқа ие жаңа мамандықты нөлден бастап меңгерді

Елордада жүзеге асырылып жатқан JOLTAP әлеуметтік жобасы бірнеше жылдан бері астаналықтарға жұмыс табуға, табысын арттыруға және еңбек нарығында сұранысқа ие өзекті мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік беріп келеді. Жоба аясында электргазбен дәнекерлеу бойынша жедел курсқа қызығушылық артып отыр. Астананың 32 жастағы тұрғыны Әнуар Қожахметов осы жоба арқылы аталған мамандықты игеріп, өз тәжірибесі жайлы айтып берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Осыған дейін Астана тұрғыны курьер болып жұмыс істеп, интернет арқылы тұрақты жұмыс іздеген. Ал дәнекерлеу ісін меңгеруге деген қызығушылығы бұрыннан болған.

«Маған үнемі шынымен қажет әрі бағаланатын мамандықты игеру қызық болатын. Бірден жұмыс барысында қолдануға болатын, практикалық кәсіп үйренгім келді», — дейді Ануар.

Курс барысында 10 күн ішінде қатысушылар электргазбен дәнекерлеудің негіздерін, дәнекер тігістерінің түрлерін және жабдықтармен жұмыс істеу тәсілдерін меңгерді. Сабақтарда қауіпсіздік техникасы мен нақты өндірісте бірден қолдануға болатын практикалық дағдыларға ерекше көңіл бөлінді.

«Алғашқы күннен бастап металмен және жабдықтармен жұмыс істедік. Практика бүкіл курстың негізі болды. Қысқа уақыттың ішінде дәнекерлеу аппаратын сенімді ұстап, негізгі үдерістерді түсіне бастағанымды сездім», — дейді астаналық.
Сабақтар тәжірибелік жаттығулар форматында өтті. Қатысушылар дәнекер тігістерін орындап, металмен жұмыс істеуді және жабдықты дұрыс баптауды үйренді.

«Бұрын тек жекелеген дағдыларым ғана бар еді, ал мұнда барлығы жүйелі түрде түсіндірілді. Практика көп, тәлімгер үнемі бағыт-бағдар беріп отырды. Осы бірнеше күннің ішінде айтарлықтай үйреніп қалғанымды сезіндім», – деп атап өтті Әнуар.
Қазіргі таңда ол жаңа мамандығы бойынша жұмыс табуды жоспарлап отыр.

«Енді қажетті дағдыларым бар, дәнекерлеуші ретінде сенімді жұмыс істей аламын. Бұл – даму мүмкіндігі жоғары, сұранысқа ие мамандық», – дейді ол.

JOLTAP жобасы елорда тұрғындарына қысқа мерзімде сұранысқа ие кәсіптерді меңгеруге мүмкіндік беріп, өз қабілетін дамытуға жаңа жол ашады.