Астанада бірнеше жылдан бері қала тұрғындарының кәсіби тұрғыда өз әлеуетін жүзеге асыруына, жаңа мамандықтарды меңгеруіне және жеке ісін бастауына мүмкіндік беретін JOLTAP әлеуметтік білім беру жобасы жүзеге асырылып келеді. Жоба астаналықтарға еңбек нарығында сұранысқа ие бағыттар бойынша – қолданбалы мамандықтардан бастап заманауи цифрлық және кәсіпкерлік дағдыларға дейін тегін жедел оқудан өтуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жобаға қатысушылардың бірі – сауда саласында көпжылдық тәжірибесі бар елорда тұрғыны Дана Бәкірова. Ол JOLTAP бағдарламасы туралы осы жоба аясында оқған құрбысынан естіген.
«Мен шамамен 15 жыл сауда компаниясында жұмыс істедім.
Кейін жұмыстан шығып, жоғары қызметке – азық-түлік өнімдерімен айналысатын сауда компаниясында сату жөніндегі директордың орынбасары лауазымына ауыстым», – дейді ол.
Аталған қызметте ол 8 ай жұмыс істегенімен, уақыт өте келе өмірлік көзқарасы өзгерген.
«Жұмысыма байланысты отбасымды, балаларымды аз көретін болдым. Кіші қызым ол кезде 2,5 айлық еді, оған жеткілікті көңіл бөле алған жоқпын», – деп мойындайды Дана.
Осыдан кейін ол қараша айының басында жұмысынан кету туралы шешім қабылдайды. Ал желтоқсан айында JOLTAP жобасы аясында оқуын бастады.
«Желтоқсан айыда курстарға қатыса бастадым. Оқу өте жақсы өтті, бәрі ұнады. Оқытушылар өте білікті, материалды түсінікті жеткізеді және барлық сұраққа жауап береді», – дейді жоба қатысушысы.
Алған білімін ол бірден тәжірибе жүзінде қолданып, жеке дүкенін ашқан. Оның айтуынша, бұл жоба өз ісін бастағысы келетіндерге өте қолайлы.
«JOLTAP жобасын жеке кәсіппен айналысып, табыс тапқысы келетін адамдарға ұсынар едім. Бұл сырттай қарағанда оңай көрінуі мүмкін, рас, кез келген бизнестің, әсіресе бастапқы кезеңде өз қиындықтары бар», – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ Дана жоба ұйымдастырушыларына ерекше алғысын білдірді.
«Бұл – адамдарға жаңа білім мен дағдылар меңгеруге көмектесетін өте пайдалы жоба. Kaspi-дүкен бойынша ақылы курстар бар, ал мұнда осының бәрін тегін үйренуге болады», – дейді ол.
Айтуынша, өз кәсібін бастауға қомақты қаражат қажет болмаған.
«Дүкенімді ашқанда қолымда үлкен ақша да, инвесторлар да болған жоқ. Маған жақындарым, туған-туыстарым және жолдасым қолдау көрсетті», – деп қосты астаналық.
JOLTAP жобасы Астанада тегін білім алу мүмкіндіктерін кеңейтіп, қала тұрғындарының жаңа мамандықтарды меңгеруіне және тұрақты табысқа ұмтылуына ықпал етуді жалғастыруда.
