Астанада жыл басынан бері 2 алаяқтық колл-орталығы жойылды: полиция қала тұрғындарына үндеу жасады

Астанада жыл басынан бері 2 алаяқтық колл-орталығы жойылды: полиция қала тұрғындарына үндеу жасады

Астанада«Заң және тәртіп» қағидаты аясында тұрғындарға алаяқтық әрекеттер мен қолданылатын схемалар жөнінде үнемі түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Осыған байланысты Астана полициясы азаматтарды сақ болуға шақырады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Жыл басынан бері қалалық құқық қорғау органдары 1217 жалған хабарландыру мен құқыққа қарсы интернет-ресурстарды бұғаттауға жолдады, 4 жедел-профилактикалық іс-шара өткізді, халық көп жиналатын орындарда 50-ге жуық акция ұйымдастырып, 32 мыңнан астам ескертпе таратты, 256 лекциялық профилактикалық сабақ өткізді, 1 167 118 абонентке ескерту SMS-хабарлама жіберілді.

Полиция қызметкерлері алаяқтыққа қатысы бар 326 адам мен 5 топты анықтап, жауапкершілікке тартты. Сонымен қатар, 10 «Sim-box» құрылғысы тәркіленіп, 2 алаяқтық колл-орталық жойылды.

Астана полициясы ескертеді, белгісіз адамдар банктің немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде қоңырау шалып, күдікті операциялар туралы айтса, сөйлесуді тоқтатып, ақпаратты ресми нөмірлер арқылы тексеріңіз;

1414 нөмірінен келген кодты ешкімге бермеңіз;

Әлеуметтік желілердегі тауарлар үшін алдын ала төлем жасамаңыз және күмәнді сілтемелерге өтпеңіз;

WhatsApp арқылы танысыңыздың атынан ақша сұраса, ақпаратты жеке тексермей, аударым жасамаңыз.