
2021 жылы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (ӘРПК) енгізілуі Қазақстандағы қоғамдық басқару жүйесінің дамуының маңызды кезеңдерінің бірі болды. Дегенмен, оның ережелерін қолданудағы олқылықтар әлі де бар. Әкімшілік органдар, азаматтар және бизнес әлі де түсіндіруді қажет ететін бірқатар мәселеге тап болып отыр. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьялары Айбек Амангелдин мен Рита Оразымбетова Астана коммуникация қызметінде өткен брифингте бұл туралы егжей-тегжейлі талқылады, деп хабарлайды қала әкімшілігінің ресми сайты.
Ең көп кездесетін проблемалар – даудың ведомстволық бағыныстылығын анықтау, жария-құқықтық және жеке-құқықтық даулардың шекарасын белгілеу, сондай-ақ құқықтық қатынастардың жария сипатын анықтайтын критерийлер. Сонымен қатар әкімшілік сот өндірісіне жатпайтын істер бойынша талап-арыздарды қате беру жағдайлары да аз емес.
ӘРПК әкімшілік рәсімдерді және әкімшілік әділетті жүйелеуге арналған алғашқы кешенді қадам болды. Кодекс мемлекеттік органдардың қызмет тәртібін және жария-құқықтық дауларды қарау тетігін айқындайды. Ол ішкі әкімшілік рәсімдерге де, азаматтар мен ұйымдардың әкімшілік органдармен өзара іс-қимылына да қатысты.
Төрт жыл ішінде Қазақстанда әкімшілік әділет жүйесі тиімді құрал ретінде жұмыс істей бастағаны айқын көрінді. Алайда талапкерлер даудың сипатын дұрыс айқындамай, көптеген талаптарды қате жолдайды. Кей жағдайларда азаматтық-құқықтық сипаттағы даулар әкімшілік дау ретінде қарастырылып, бұл соттарға артық жүктемеге және талаптардың қайтарылуына әкеледі.
«2021-2025 жылдар аралығындағы әкімшілік соттардың деректері ведомстволық бағыныстылықты анықтаудағы қателердің сақталып отырғанын көрсетеді. 2025 жылдың 11 айында 4 775 әкімшілік іс тіркелген, оның 1 980-і қайтарылған, 111 іс басқа сотқа жолданған. Сотқа түскеннен кейін қайтарылған талап-арыздар саны шамамен 750. 2021-2025 жылдары соттарға барлығы 20 787 әкімшілік іс келіп түсті, оның 8 604-і қайтарылды. Барлығы 18 378 іс аяқталған. Бұл талапкерлер жіберетін процестік қателіктердің айтарлықтай үлесі бар екенін көрсетеді. Нәтижесінде әрбір үшінші әкімшілік талап ведомстволық бағыныстылық ережелері немесе ӘРПК талаптары бұзылып беріледі», – дейді спикерлер.
Әкімшілік талапты қабылдаудың негізгі элементі – даудың сипатын және оның жария-құқықтық қатынастарға жататынын дұрыс айқындау. Жария-құқықтық қатынастарға тән белгілер – билік өкілеттіктерінің жүзеге асырылуы, басқару вертикалі және жекелеген құқықтық актінің болуы. Мұндай даулар көбіне салық, кеден, жер қатынастары, тұрғын үй мәселелері, мемлекеттік сатып алу және атқарушылық іс жүргізуге қатысты.
Жария-құқықтық даудың негізгі белгілері: әкімшілік органның қатысуы, оның билік өкілеттігін жүзеге асыруы және тараптардың тең еместігі. Бұл талаптар ӘРПК-нің 102-бабының 2-тармағында бекітілген. Сондай-ақ талаптың тиісті сотқа бағыныстылығын дұрыс айқындау маңызды. Кодексте ведомстволық, аумақтық, айрықша және байланысты талаптар жөніндегі бағыныстылық түрлері көзделген.
Электрондық әкімшілік актілер бойынша ерекше талаптар белгіленген, олар істің қай жерде қаралатынына әсер етеді. Заң талапкерге экстерриториялық бағыныстылық құқығын береді, бұл жергілікті фактордың ықпалын азайтып, істің объективтілігін арттырады.
2025 жылдан бастап Кодексте әкімшілік рәсімдердің бірыңғайлығы қағидаты бекітілді, ол шешімдердің болжамдылығын және әкімшілік практика біріздендірілуін талап етеді. Сот практикасы да бұл процеске Сот алқаларының жеке ұйғарымдары мен шолулары арқылы ықпал етуде.
Сонымен бірге жаңа кассациялық соттардың құрылуы сот жүйесінің институционалдық дербестігін күшейтті. Жалпы алғанда, ӘРПК өзінің тиімділігін дәлелдеп, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын қорғаудың нақты тетігін қалыптастырды және Қазақстандағы әкімшілік басқарудың жаңа стандартын орнықтырды.