Елорданың Алматы ауданында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Елорданың Алматы ауданында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Астана қаласының Алматы ауданындағы Теміржолшылар елді мекенінде жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бұған дейін Теміржолшылар елді мекенінде спортпен шұғылдануға, бос уақытты тиімді өткізуге арналған заманауи кеңістік болмаған. Жаңа спорт орталығында бірден бірнеше маңызды нысан орналасқан: қауіпсіздікті күшейту үшін полицияның тірек пункті, зейнеткерлерге арналған үйірмелер, секциялар және демалыс аймағы бар Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы, балалар мен ересектерге арналған бокс, дзюдо, грек-рим және еркін күрес, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ секциялары.

Барлық секция тегін және кез келген жастағы тұрғындарға қолжетімді. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс күндері 9:00-18:00 аралығында қызмет көрсетеді. Келер жылы мұнда сауықтыру бағыттары кеңейтілмек.

«Бұл – біздің тұрғын алапта ашылған алғашқы дене шынықтыру-сауықтыру орталығы. Халық көптен күтті. Кешен көпфункциялы: спорт секциялары, Белсенді ұзақ өмір орталығы, полиция пункті – бәрі тұрғындардың қолайлығы үшін. Ең бастысы, енді адамдарға тегін спортпен айналысуға және мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік туды. Орталық ішінде ХҚО жұмыс істейді, сондықтан енді қалаға барудың қажеті болмайды», – деді Алматы ауданы әкімінің орынбасары Арайлым Елімсары.

Оның айтуынша, орталықтың ашылуы ауданның дамуының жаңа кезеңі болмақ.

Зейнеткерлер үшін Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ашылуы ерекше қуанышты оқиға болды. Жергілікті тұрғын Бану ханым өз әсерімен былайша жеткізді:

«Бұрын бұл жерде ештеңе жоқ еді. Қазір саябақтар салынып жатыр, енді міне, сауықтыру кешені де ашылды. Өте әдемі, жылы, жайлы. Зейнеткерлер үшін таптырмас орын. Барлығы тегін. Біздің ауданға ерекше көңіл бөлгені үшін билікке алғыс айтамыз».

Ата-аналар да қуанышты: олардың айтуынша, уақыт үнемдеу және қауіпсіздік – басты артықшылық.

«Бұрын балаларды қалаға апаратынбыз, алыс әрі ыңғайсыз еді. Енді бәрі жақын жерде. Ішіндегі жағдай да жақсы, заманауи дизайнмен жасалған.

Мұндай орталықтың ашылғанына өте қуаныштымыз», — деді тағы бір жергілікті тұрғын Қымбат.

Ашылу күні қонақтарға жаңа нысан бойынша экскурсия, концерттік бағдарлама және спортшылардың көрсетілімдері ұсынылды.