Нью-Йорк марафонының жұлдызы болған 80 жастағы ақсақал Астанада зейнеткерлермен кездесті

Нью-Йорк марафонының жұлдызы болған 80 жастағы ақсақал Астанада зейнеткерлермен кездесті

Астанадағы Сарайшық аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Нью-Йорк марафонының триумфаторы, 80 жастағы қазақстандық Салтанат Түйтебаевпен кездесу өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Мұхтар Еркетаевтың айтуынша, мұндай кездесулер аға буын үшін ерекше маңызды.

«Бүгін біз елорда тұрғыны, марафондық жүріспен көп жылдан бері айналысып жүрген ақсақалымызбен жүздесіп отырмыз. Ол жақында Америкадан оралды – Нью-Йорк марафонында 80-85 жас аралығындағы қатысушылар арасында екінші орын алды. Бұл – зор жетістік. Осындай үлгі арқылы үлкен кісілеріміз өмірге деген құлшынысын арттырып, белсенді бола түседі», – деді ол.

Салтанат Түйтебаев өз үлгісімен белсенді өмір мен ұзақ ғұмырдың ең басты сыры адамның іште жатқан ерік-жігерінде екенін дәлелдеп келеді.

Кездесуде марафоншы өзінің спортқа келу жолы, алғашқы бастамалары және жасы ұлғайса да мақсатқа жетуге не түрткі болатыны туралы айтып берді. Қатысушылар спортшыға сұрақтар қойып, оның жетістіктері туралы бейнеролик көріп, еркін әңгімелесті.

«Біз Салтанат атаны арнайы шақырдық – 80 жасқа келсе де марафонға қатысып, жоғары нәтиже көрсетуге болатынын көрсетті. Біздің орталықтағы зейнеткерлер де белсенді: йога, скандинавиялық жүріс, оңалту гимнастикасы секілді топтарымыз бар. Тіпті кей қатысушыларымыздың жасы 90-нан асқан», – дейді орталықтың перспективалық даму және әлеуметтік жобалар бөлімінің жетекшісі Қымбат Тасымова.

Марафоншы ұзақ өмір сүрудің құпиясын айтты:
«Бәрі қарапайым – жалқаулық аз, қозғалыс көп болса жеткілікті», – деді ол.
Кездесу концерттік бағдарламамен және спортшыға естелік сыйлық табыстаумен аяқталды.