Астанада түнгі уақытта қар күреу жұмысына мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды

Астанада түнгі уақытта қар күреу жұмысына мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды

Елорданың коммуналдық қызметтері қар күреу және шығару жұмысын тәулік бойы үздіксіз жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

10 қараша күні күндізгі ауысымда коммуналдық қызметтер арнайы полигондарға 1 831 рейс жасап, шамамен 23 мың текше метр қар шығарды.

11 қарашаға қараған түнде қар тазалау жұмысына 404 жол жұмысшысы мен 1 183 бірлік арнайы техника жұмылдырылады.

Қыс маусымы басталғалы елордадан шамамен 154 мың текше метр қар шығарылды.

Бұл 12 374 рейс ауыр жүк көлігіне тең.

Басты көшелер мен қоғамдық көлік жүретін орындар бірінші кезекте тазаланады. Осыдан кейін қозғалысы орташа қарқынды аудандар – аулалар, алаңдар, тротуарлар және аялдамалар тазартылады.

Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарына жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуды, қауіпсіздік ережелерін ұстануды және қолайсыз ауа райында алыс сапарларға шықпауды ескертеді.