Астанада жас сарбаздар арасындағы әскери-патриоттық ән байқауының жеңімпаздары анықталды

Астанада жас сарбаздар арасындағы әскери-патриоттық ән байқауының жеңімпаздары анықталды

Астанадағы М.Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназияда Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған дәстүрлі әскери-патриоттық ән байқауының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Байқауға елордалық мектептер мен колледждердің «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының мүшелері қатысты.

«Биылғы байқау «Жас сарбаз – жеңіс рухының жалғасы» жобасы аясында өтті. Бұл бастама арқылы оқушылар мен студенттер шығармашылық қабілеттерін ашуға мүмкіндік алды. Іріктеу кезеңіне 50-ге жуық қатысушы өтініш беріп, олардың ішінен 7-еуі финалға жолдама алды», – деді «Жас сарбаз» қозғалысының Астана қаласы бойынша төраға орынбасары Олжас Самархан.

Әр қатысушы патриоттық әнді ерекше жауапкершілікпен орындауға тырысты.

«Мен бүгін «Ана жыры» әнін орындадым. Көрермен алдында лайықты өнер көрсету үшін жарты жыл дайындалдым. Ән арқылы соғысқа ұлдарын шығарып салған аналардың сезімін жеткізуге тырыстым.

Көрерменге сол аналардың жүрек толқынысын сездіре алдым деп ойлаймын», – дейді №87 Абай Құнанбайұлы атындағы мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Шұғыла Ермекова.

Байқау күні ұйымдастырушылар SMART SARBAZ жобасы аясында елорданың үздік робототехника жұмыстары мен «Жас сарбаз» қозғалысының халықаралық спорттық жарыстар жеңімпаздарының көрмесін де ұсынды. Қонақтар жас сарбаздардың инновациялық идеяларымен, заманауи жобаларымен және спорттық жетістіктерімен танысты.