Астанада жаңа балалар кітапханасы ашылды

Астанада жаңа балалар кітапханасы ашылды
Астана қаласында Республика күні қарсаңында қалалық Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты жаңа №7 балалар кітапханасы ашылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Салтанатты ашылу рәсіміне филология ғылымдарының докторы, академик, Ұлттық құрылтай мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев, Қоғамдық кеңес мүшелері Бақдаулет Жанділдаев пен Азамат Оспанов, сондай-ақ «Сарайшық» ауданы әкімдігінің және Мәдениет басқармасының өкілдері қатысты.

Жаңа кітапхана заманауи оқу залы, интерактив және коворкинг аймақтарымен жабдықталған. Кітап қоры көркем, анықтамалық, энциклопедиялық және шетел әдебиеттерін қамтиды.

Нысан «Сарайшық» ауданында, А-91 көшесі, 17-үй мекенжайында орналасқан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елордада кітапхана жүйесін жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асып келеді.

2023 жылы Астанадағы 4 кітапхана жаңғыртылды. 2024 жылы тағы 4 кітапхана жөндеуден өтіп, 4 жаңа кітапхана қала тұрғындарының игілігіне берілді. Биылғы жылы елордада 3 кітапхана жаңғыртылып, 3 жаңа кітапхана ашылды.

Нәтижесінде, Астанадағы кітапханалар саны 25-ке жетті. Сонымен қатар, оқырмандар қатары 90 мың адамға артып, елорда тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығы айтарлықтай өсті.