Құтқарушылар мен құқық қорғаушылар жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салды

Құтқарушылар мен құқық қорғаушылар жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салды

Астанада өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында түсіндіру жұмысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Байқоңыр ауданының төтенше жағдайлар басқармасы мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері жатақханалар мен жалға берілетін үйлерді аралап, тұрғындарға жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді.

«Жылыту маусымы басталды, демек, өрт шығу қаупі де артады. Сол себепті біз тұрғын үйлер мен жатақханаларды аралап, өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіреміз, ақпараттық парақшалар таратамыз», – деді Байқоңыр ауданының төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау старшинасы Әділет Қабдрахманов.

Оның айтуынша, құтқарушылар өртке қарсы дабыл қондырғыларын орнатуды да жалғастырып жатыр. Бұл құрылғылар түтін немесе улы газ бөлінген сәтте өртті ерте анықтауға мүмкіндік береді және адам өмірін сақтап қалуға сеп болады.

«Мұндай датчиктер жатақханаларға, сондай-ақ әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың үйлеріне – көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты зейнеткерлердің пәтерлеріне орнатылады. Бұған қоса, бұрын орнатылған құрылғылардың жұмысқа жарамдылығы тексеріледі», – деп толықтырды ол.

ТЖД қызметкерлері өрт немесе төтенше жағдай туындаған кезде дереу «101» немесе «112» нөміріне қоңырау шалуды ұсынады.