
Астанада өткен «Инновациялар мен технологиялар: азаматтық сектордың келешегі» атты XII Азаматтық форум барысында ерекше қажеттіліктері бар балалардың әлеуметтенуіне бағытталған «Тең мүмкіндіктер әлемі» қорының бейімделген спорт бағдарламасы таныстырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қор жетекшісі Нұргүл Ұлжекова форумда азаматтық бастаманың спорт саласындағы сәтті үлгісі туралы айтты.
Оның айтуынша, жеке тәжірибеден туған бұл идея бүгінде еліміздің 23 қаласын қамтып, мыңнан астам ерекше баланы біріктірген ірі жобаға айналған.
«Мен 2016 жылдан бері азаматтық қоғам белсенділерінің бірі ретінде жұмыс істеп келемін. Ерекше баланың анасымын, сол себепті «Тең мүмкіндіктер әлемі» қорын құрдым. Қазір қорымыз 23 қалада жұмыс істейді. Мақсатымыз – түрлі диагнозы бар балалар үшін тегін бейімделген спорт секцияларын ұйымдастыру», – деді Нұргүл Ұлжекова.
Ол бейімделген спорттың тек физикалық дамуға емес, сонымен қатар балалардың қоғамға бейімделуі мен толыққанды интеграциясына зор ықпал ететінін атап өтті.
«Біз мүмкіндігі шектеулі адамдар өмірінде спорттың қаншалықты маңызды екенін, олардың әлеуметтенуіне қаншалықты тиімді әсер ететінін көрсеткіміз келеді. Бір ғана азаматтық бастама бүкіл елдік жобаға айнала алады», — деді спикер.
Форумда қор бастамасымен дамыған паралимпиадалық бочча спортының маңыздылығына ерекше назар аударылды. Бұл бастама Қазақстанның Бочча федерациясының құрылуына негіз болған.
Бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасында 48 спортшы бар, олардың қатарында халықаралық жарыстардың жүлдегерлері де бар.
«Бұл – бұрын қоғамнан оқшау қалған, тірек-қимыл аппараты зақымданған адамдар. Ал бүгінде олар кәсіби спортшылар, жалақы алады және жыл сайын төрт рет шетелде ел намысын қорғайды», — деді Ұлжекова.
Қор қызметі аясында бейімделген спорттың 12 бағыты қамтылған, олар:
• бейімделген жүзу;
• каратэ;
• тхэквондо;
• пионербол;
• футболдың екі түрі;
• үлкен теннис;
• бочча;
• инклюзивті хореография.
«Біз балаларды 6 жастан қабылдаймыз және жас шектеуі жоқ. Біздің секцияларда ДЦП, аутизм, Даун синдромы, жеңіл интеллектуалды ауытқуы бар балалар, сондай-ақ олардың дені сау бауырлары мен әпке-інілері бірге шұғылданады.
Қазір ел бойынша 1100 бала қатысып жүр», – деп атап өтті Ұлжекова.
Қордың жаңашылдығы – инклюзивті жаттығу форматы.
Мұнда ерекше балалар мен қалыпты дамыған балалар бір топта жаттығады. Бұл тәсіл, оның айтуынша, бала кезден бастап теңдік пен өзара түсіністікке негізделген қоғам қалыптастыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, қор бастамасы мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды реттейтін нормативтік актілерге өзгерістер енгізуге негіз болған.
Маңызды жобалардың бірі – ерекше баласы бар және екі сыныптасы қатысатын республикалық мектеп фестивалі (бочча). Мұндай формат посткеңестік кеңістікте баламасы жоқ ерекше бастама саналады.
«Фестиваль AMANAT партиясы мен Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өткізіледі. Биыл екінші рет ұйымдастырдық.
Жыл сайын қатысқысы келетін мектептер саны артып келеді», – деді қор жетекшісі.
Нұргүл Ұлжекова қор табысының басты факторларының бірі әлеуметтік әріптестік екенін айтты.
«Біздің үлкен желіміз демеушілердің және спорт алаңдарын ұсынып отырған жергілікті атқарушы органдардың қолдауынсыз жұмыс істей алмас еді. Соның арқасында секциялар халыққа барынша жақын жерде ұйымдастырылды», – деді ол.
Қор тұрақты даму моделін де енгізген. Бастама сәтті жүзеге асқан өңірлерде секциялар жергілікті үкіметтік емес ұйымдарға беріледі.
«Бастаманы іске қосу жеткіліксіз, оны өміршең ету маңызды. Сондықтан серіктестік пен тұрақтылық – біздің жұмысымыздың басты қағидаттары», – деп түйіндеді Нұргүл Ұлжекова.