
Астанада «Инновациялар мен технологиялар: азаматтық сектордың болашағы» тақырыбында XII Азаматтық форум өтті. Іс-шараға азаматтық қоғам институттарының, мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Форум азаматтық сектордың тиімді дамуына ықпал ететін заманауи технологиялық шешімдер мен инновациялық тәсілдерді талқылауға арналған ашық алаңға айналды.
Қатысушылар табысты тәжірибелерімен бөлісіп, панельдік пікірталастарға қатысты, әріптестік байланыстарын кеңейтіп, өз жобаларын көрмеде таныстырды.
«Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының» төрағасының кеңесшісі Динара Сәдуақасова «Өзгерістердің жаңа қозғаушы күштері: болашақты қалыптастыратын бастамалар» тақырыбында баяндама жасады.
«Біз қазір өзгерістер сирек болатын кезеңнен өтіп, үнемі жаңарып, дамып отырған уақытта өмір сүріп жатырмыз.
Бүгінде өзгерістер тоқтаусыз жүреді, олар жылдам, бірізді емес және көбіне күтпеген жерден бастау алады. Бұрын даму бастамалары көбіне мемлекет тарапынан көтерілсе, қазір жаңа идеялар мен шешімдердің бастамашысы – азаматтық қоғамның өзі. Яғни, бүгінде өзгерістер тек кабинеттерде емес, аулаларда, чаттарда, көшелерде, адам бар жерде туындайды», — деді спикер.
Ол SI-DRIVE халықаралық зерттеуінің деректерін келтіріп, әлемдегі әлеуметтік инновациялардың 60%-дан астамы жергілікті бастамалардан, яғни азаматтардың нақты қажеттіліктеріне жауап ретінде пайда болғанын айтты.
«Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың саны айтарлықтай артқанын байқауға болады: 2003 жылы олардың саны 3,5 мың болса, бүгінде 23 мыңнан асты», – деді Сәдуақасова.
Өзгерістердің төрт негізгі драйвері бар.
Бірінші драйвер — жаңа буын азаматтық бастамалар.
«Бүгінде бастамалар жоғарыдан емес, төменнен – қоғамның шынайы сұраныстарынан туындайды.
Бұл экологиялық қозғалыстар, өз аудандарын көркейтуге арналған топтар, өзара көмек көрсетуге бағытталған онлайн платформалар немесе ортақ құндылықтар төңірегіндегі белсенді қауымдастықтар болуы мүмкін», – деді ол.
Спикердің айтуынша, мұндай бастамалар ауқымы жағынан шағын болғанымен, олар икемді, тез бейімделе алады, адамдарды біріктіреді және жүйелі өзгерістерге негіз болады.
Екінші драйвер – ынтымақтастық пен серіктестік мәдениеті.
«Қазір бір сектордың өз күшімен қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп беруі қиын. Экологиялық мәселелер, цифрлық теңсіздік, әлеуметтік осалдық – мұның бәрі жаңа өзара іс-қимыл моделін қажет етеді», — деп атап өтті Сәдуақасова.
Ол мысал ретінде қоғамдық кеңестерді, мемлекеттік органдар жанындағы ҮЕҰ кеңестерін, әлеуметтік акселераторларды және түрлі диалог алаңдарын атады – мұндай форматтарда шешімдер ұжымдық түрде қабылданады.
Үшінші драйвер — цифрландыру және оның қатысу құралдары.
Цифрлық технологиялар тек процестерді жеделдетіп қана қоймай, азаматтардың қатысу форматын да өзгертіп жатыр. Онлайн-петициялар, краудсорсингтік платформалар мен онлайн-сауалнамалар бүгінде қоғамның қатысу инфрақұрылымына айналды.
Мысалы, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында мемлекеттік органдарға 2,7 миллионнан астам өтініш түскен, ал онлайн-петициялар сайтында 114 петиция жарияланған. Бұл цифрлар азаматтық қатысудың цифрлық деңгейінің өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Төртінші драйвер – адами капитал. «Технология — бұл тек құрал. Ал нақты өзгерістерді жүзеге асыратын – адамдар. Сондықтан басты міндет – жобаларды ғана емес, өзгерістерді іске асыратын тұлғаларды, яғни адамдарды, командаларды және қауымдастықтарды дамыту», – деді Сәдуақасова.
Сонымен қатар, ол «Жас Ұлан» ұйымының қызметі туралы айтып, балалардың азаматтық қоғамды дамытудағы рөліне тоқталды:
«Балалар – бұл тек болашағымыз емес, бүгінгі өзгерістердің де қозғаушы күші.
Олар әлеуметтік және азаматтық жобаларға қатысу арқылы жауапкершілікті, белсенділікті және бастамашылдықты үйренеді.
Балалар ұйымдары қоғамдық өмірге ерте араласу мәдениетін қалыптастырады», – деді ол.
Ұйым мектеп оқушылары арасында көшбасшылықты, еріктілікті және әлеуметтік белсенділікті дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді.
Қорытындысында Динара Сәдуақасова бірқатар ұсынысты атап өтті:
«балалар ұйымы» ұғымын заңнамалық деңгейде бекіту; азаматтық сараптаманы дамыту; үкіметтік емес ұйымдардың экономикалық үлесін бағалайтын ұлттық жүйені әзірлеу.
«Жаңа өзгеріс драйверлері – бұл уақытша үрдіс емес, қоғамның жаңа құрылымы.
Болашақ тек ұзақ мерзімді стратегиялар арқылы емес, бүгін қоғам мен бастамашыл топтардың жасап жатқан шағын, бірақ батыл қадамдары арқылы қалыптасады.Бүгінгі ортақ міндетіміз – азаматтық бастамаларды тұрақтылыққа қауіп ретінде емес, жаңару мен дамудың ресурсы ретінде қабылдау. Өзгерістер сырттан келмейді, оларды өзіміз жасаймыз. Ал осындай бастамалар мен даму орындары көбейген сайын болашағымыз да сенімді болмақ», — деп түйіндеді спикер.