Аға буын өкілдеріне құрмет пен алғыс: Астанада Қарттар күніне орай концерт өтті

Аға буын өкілдеріне құрмет пен алғыс: Астанада Қарттар күніне орай концерт өтті

Елордадағы Е.Рахмадиев атындағы филармония сахнасында 1 қазан – Қарттар күніне орай мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Музыкалық кешті «Сарыарқа» және «Шалқыма» ансамбльдерінің өнері ашты.

Көрермендерге құттықтау сөзін қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов жолдады.

«Қазіргі таңда Астанамызда шамамен 150 мың ардагер тұрады. Қалалық ардагерлер кеңесіне қарасты 360-тан астам ардагерлер ұйымы бар – олар әрбір шағынауданда, әр аулада жұмыс істейді. Бұл ұйымдар өз аудандарында тұратын немесе түрлі мекемелерде еңбек еткен ардагерлердің басын қосып, олардың хал-жағдайын қадағалап, қиын жағдайда қалғандарға көмек көрсетеді. Осындай бастамалардың арқасында ардагерлеріміз белсенділік танытып, қоғам өміріне өз үлесін қосып келеді. Белсенді болып, арамызда еңбек етіп жүрген ардагерлерге зор ризашылығымды білдіремін. Сіздерге еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын! Жалпы алғанда, бүгінгі таңда Астанада ардагерлердің жағдайы жақсы деп ойлаймын. Оларға көңіл бөлініп, кез келген қажеттілік туындағанда қолдау көрсетіледі», – деді Сансызбай Есілов.

Сондай-ақ ол жуырда қала әкімі Жеңіс Қасымбектің Сарайшық ауданында жаңа Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын ашқанын еске салды. Әкім Астананың белсенді ардагерлерімен, аудандық кеңестердің төрағаларымен, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелерімен және басқа да қоғам белсенділерімен кездесіп, қазіргі жұмыстарды талқылап, атқарылған іс-шаралар туралы баяндаған болатын.

«Сондықтан ардагерлер атынан қала әкіміне алғыс білдіргім келеді. Сондай-ақ филармония басшылығына, әртістерге және осы концертті ұйымдастырған барлық жанға ерекше алғыс айтамын», – деп қорытындылады өз сөзін Сансызбай Есілов.
Концерт барысында көрермендерге Еспайдың, Шәмші Қалдаяқовтың, Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары, «Сәулем-ай», «Ауыл қарттары» сияқты халық әндері, сондай-ақ классикалық және қазіргі эстрадалық туындылар ұсынылды. Іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері мен халықаралық байқаулардың лауреаттары – Нұрай Танабаев, Арайлым Рахым, Нұржамал Үсенбаева, Айдын Жұмабай, Естай Мұқашев, Әкімхан Мәженов, Ақбота Құснадин және тағы басқа өнерпаздар қатысты. Кештің ерекше сыйы – Қазақстанның халық әртісі Майра Ілиясовтың «Армандастар» әні болды.

Қалалық ардагерлер кеңесінің аға кеңесшісі Салтанат Меңлібаеваның айтуынша, БҰҰ бекіткен Халықаралық қарттар күніне арналған қолдау айлығы аясында қалада дәстүрлі түрде аға буынға назар аударуға, қамқорлық көрсетуге бағытталған іс-шаралар өткізіліп келеді. Бұл бастама жыл сайын жүзеге асырылып, соңғы бес жыл бойы қарт тұрғындарды қолдауға арналған республикалық бағдарламамен қатар жүруде. Биыл 60 жастан асқан азаматтарға арналған жаңа Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет саласында түрлі шаралар қолға алынып отыр.

Қазіргі уақытта қалада 156 мыңнан астам зейнеткер бар, олар 385 ардагерлер ұйымына мүше. Астана әкімдігі мен Ішкі саясат басқармасының қолдауымен концерттер, кездесулер, фестивальдер ұйымдастырылады. Соның ішінде «Ардагерлер көктемі» мерекесі мен Отбасы күні аталып өтті. Бұл шараларда бірге 60 жылдан астам өмір сүрген отбасылар, оның ішінде соғыс жылдарындағы балалар мен тыл еңбеккерлері марапатталды. Ардагерлер түрлі шығармашылық ұжымдарға белсенді қатысып, бұрын жасырын қалып келген өнерін көрсетуде. Ал біз өз тарапымыздан үлкендерді сыйлап, оларға алғыс білдіріп, жастарға аға буын алдындағы жауапкершілікті сезіндіру, ұрпақтар сабақтастығы мен мәдени мұраны сақтау жолында еңбек етуіміз қажет», – деді Салтанат Меңлібаева.