«QAISAR GAMES»: Астанада республикалық ойындарға 200-ден астам бүлдіршін қатысты

«QAISAR GAMES»: Астанада республикалық ойындарға 200-ден астам бүлдіршін қатысты

Астана қаласында III Республикалық «QAISAR GAMES» ойындары басталды. Оған онкологиялық ауруларды жеңіп шыққан 200-ден астам бүлдіршін қатысты. 26-28 қыркүйек күндері өтетін ойындарда жеңіл атлетика, шахмат, үстел теннисі, шағын футбол, жүзу, ұлттық ойындар және шығармашылық шеберлік сабақтары жоспарланған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бұл сайыс жүлделерді үлестіруді емес, балаларға сенім сыйлап, достықты нығайтып, өмірге қайта бейімделуге мүмкіндік береді. Әр жарыс күні қайсарлықтың, үміттің және болашаққа деген сенімнің көрінісі.

«Жыл сайын шамамен 1500 бала онкологиялық аурумен күресіп жатады. Оның 300-ге жуығы бірінші сатыдағы диагноз алады.

Ондай қиындыққа тап болғанда әрбір адам күйзеліске түседі. Бірақ, біз барлығын жеңіп шығамыз. Оның бәрі біздің қоғамның жемісі деп білемін», – деп UMC басқарма төрағасының орынбасары Әйгерім Ағабекқызы ақжарма тілегін айтты.

Ойындардың ашылу салтанаты Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында өтті. Шараға қатысушылардың қуанышты жүздері, ата-аналардың мақтанышқа толы көздері мен жанкүйерлердің ыстық қолдауы ерекше әсер қалдырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жобаның мақсаты ауыр сырқаттан айыққан балалардың толыққанды өмірге қайта оралуына жағдай жасау. Медициналық емнен кейінгі ең күрделі кезең – әлеуметтік бейімделу. Дәл осы жерде спорт пен шығармашылық балаларға өз күшіне сенуге, жаңа достар табуға көмектеседі.

QAISAR GAMES балалардың жеңісін ғана емес, ата-аналардың төзімін, дәрігерлердің еңбегін, қоғамның қамқорлығын паш ететін үлкен мереке.