
Елордада прокуратураның үйлестіруімен жүзеге асырылып жатқан есірткі қылмысына қарсы айлық жалғасып жатыр. Осы жұмыс аясында полиция өкілдері Қазақстан халқы ассамблеясының Аналар кеңесімен кездесу өткізді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Жиында жасөспірімдерді есірткі айналымына тарту мен оны тұтынуға қатысты өзекті қауіп-қатерлер талқыланды. Әсіресе, өскелең ұрпақтың бойына өмірлік құндылықтарды дарытып, тәрбиелеудегі отбасының рөліне назар аударылды. Баланың өмірін ата-ананың үнемі назарда ұстауы мен жауапкершілігінің маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар, кездесуде жастардың психоэмоциялық жағдайына елеулі қауіп төндіретін құмар ойындарға әуестік (лудомания) пен буллингтің алдын алу мәселелері қаралды. Бұл құбылыстар уақыт өте келе күрделі әлеуметтік проблемаларға алып келуі мүмкін екені айтылды.
Мұндай бірлескен іс-шаралар ата-аналар, құқық қорғау органдары және қоғамдық ұйымдар арасында диалог орнатуға мүмкіндік береді. Жиынға қатысушылар тек күш біріктіргенде ғана қазіргі заманның сын-қатерлеріне тиімді қарсы тұрып, жастар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға болатынын жеткізді.
Айта кетейік, «Заң және тәртіп» қағидаты аясында іске асырылып жатқан кешенді шаралар қатарында бірлескен рейдтер өткізу, оқу орындарында алдын алу әңгімелерін жүргізу, сондай-ақ тыйым салынған заттарды тарататын интернет-ресурстарды анықтау және жою жұмыстары қарастырылған.
#законипорядок #заңжәнетәртіп