Астанада жас отбасылар арасында өткен онлайн-байқаудың жеңімпаздары марапатталды

Астанада жас отбасылар арасында өткен онлайн-байқаудың жеңімпаздары марапатталды

Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Біздің отбасымыз – біздің Қазақстан: Болашақты бірге құрамыз!» тақырыбында жас отбасылар арасында онлайн-байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер және отбасылық - демографиялық саясаты жөніндегі комиссиясының қолдауымен өтті.

Байқау шарты бойынша қатысушылар ұзақтығы 1 минутқа дейінгі креативті бейнеролик дайындап, өз отбасындағы бірлік, сыйластық және ұлттық құндылықтарды көрсетті. Жас отбасылар шығармашылық көзқарас танытып, өздерінің жылы лебіздері мен шабытты ойларын видеоформат арқылы жеткізді.

Байқауға барлығы 30 өтінім түсіп, олардың ішінде лүпіл жинау нәтижесі бойынша 20 жеңімпаз анықталды. Әрбір жеңімпаз отбасы 25 000 теңге көлемінде бағалы сыйлықпен марапатталды.

«Бұл байқаудың басты мақсаты – жас отбасыларды қолдау, олардың шығармашылық әлеуетін ашу және отбасылық құндылықтарды насихаттау. Қатысқан барлық отбасыларға алғысымызды білдіреміз. Сонымен қатар мұндай іс-шаралар әлі де жалғасын табатынын атап өткім келеді. Жақында «Үздік жас отбасы» байқауы басталады. Елордамыздың барлық жас отбасыларын бақ сынауға шақырамыз», - деді Жастар саясаты мәселелері басқармасының маманы Балжан Қолғанат.