Астанада ат спортынан Конституцияның 30 жылдығына арналған ашық чемпионат өтіп жатыр

Астанада ат спортынан Конституцияның 30 жылдығына арналған ашық чемпионат өтіп жатыр

Астана іргесіндегі «Арғымақ» ат спорты-сауықтыру кешенінде Конституцияның 30 жылдығына арналған ат спортының қалалық ашық чемпионаты жалауын желбіретті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ауқымды додаға елордамыздан және Қарағанды облысынан келген 80-нен астам шабандоз қатысып, сәйгүліктерімен бірге шеберліктерін сынауда. Таңғы самалмен басталған жарыс барысында спортшылар 12 түрлі маршрут бойынша бақ сынайды.

«Бұл чемпионат – елорда жұртшылығын спортқа баулуымен қатар, тәуелсіздік құндылықтары мен Конституцияның мәртебесін дәріптеуге бағытталған. Ат спортына арналған бұл ашық чемпионаттың мақсаты – ұлттық олимпиадалық спорт түрлерін дамыту, жасөспірімдер мен жастарды салауатты өмір салтына баулу, сондай-ақ жылқы мәдениетін дәріптеу болып саналады. Сонымен бірге жарыс арқылы спортшылардың тәжірибесін шыңдап, еліміздің ат спорты саласына жаңа есімдерді тарту көзделген. Чемпионат жеңімпаздары мен жүлдегерлері кешкісін салтанатты түрде марапатталмақ», – дейді «Арғымақ» ат спорты-сауықтыру кешенінің басшысы, ат спортының олимпиадалық түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Аманжол Хасенов.

Айта кетейік, аталмыш іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, сондай-ақ қалалық Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.