
Елорда аумақтарын абаттандыру мен экологиялық сенбіліктер 19 қазанға дейін жалғасады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Достық үйі ғимаратының аумағын абаттандырумен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, елордалық ҚХА жастары, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері айналысты.
«Бүгін жалпы көлемі 42 ағаш отырғызамыз. Оның ішінде 27 қарағай, 7 терек және шырша ағаштары болады. Сенбілікке қажетті барлық құрал-жабдықтар дайын және жұмыла кірісуге дайынбыз», – деді «Астана-Көгалдандыру құрылысы» ЖШС директорының орынбасары Қанат Ахатов.
Сенбілік барысында қала жанашырлары аумақтарды жинап, көшеттер отырғызып, ағаштарды ақтады.
«Достық үйінің жанында ҚХА мүшелері тазалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл біздің қаламыздың тазалығына қосқан үлесіміз. Елімізде тазалықты сақтау әрбір азаматтың міндеті деп білемін. Сол себепті ұжым мүшелері өз еріктерімен шырша ағаштарын егіп, Достық үйінің айналасын тазарту мақсатында жұмыс істеудеміз», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ орынбасары Нүркен Әбдіғали.
Көгалдандыру, ағаш отырғызу, аумақты абаттандыру қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттырады. Сенбілік 19 қазанға дейін жалғасады деп жоспарлануда.