
Нұр-Сұлтанда халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға ноутбуктер табыс етілді. Елордалық білім басқармасының хабарлауынша, акция бүгін басталып, 15 қазанға дейін жалғасады. Жергілікті бюджеттен 8000 дана компьютерлік техника сатып алынды. Осылайша, бірінші кезекте жетім балалар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ компьютерлік техникаға мұқтаж оқушылар қамтамасыз етіледі.
"Республикалық бюджет есебінен тағы 20 мыңнан астам компьютер оқушыларға таратылады деп күтілуде. Сонымен біз 40 мыңнан астам оқушыларымызды компьютерлермен және ноутбуктермен қамтамасыз етеміз. Бұл қала оқушыларының шамамен 20 пайызы",-деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кеңесшісі Дәурен Бабамұратов.
Елордалық мектептерде 200 мыңнан астам оқушы оқиды. Техника оқушыларға қашықтан оқыту кезеңінде пайдалану үшін берілді.
"Бүгін балама пандемияға байланысты ноутбук берілді. Бізге осылай көп көмек көрсетіліп жатыр. Менің алғысым шексіз", - дейді көпбалалы ана Эльмира Рыспаева.
Естеріңізге сала кетейік, оқу жылы басталар алдында мектеп қорынан 9 700 оқушы компьютерлік техникамен, 22 600 оқушы мен педагог роутерлермен қамтамасыз етілді.
Техникаларды жеткізуші компанияны арнайы комиссия іріктеп, бақылаушы ретінде "Астана – адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің өкілі қатысты.