
Нұр-Сұлтанда Жоғары көлік және коммуникация колледжінің мерейтойына арналған «Қасиетті қара шаңыраққа – 75 жыл» шарасы өтті. Кездесу барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өткізілді, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Шараға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, министрлік пен білім басқармасы өкілдері, ардагерлер кеңесі мен колледж түлектері қауымдастығының мүшелері, депутаттар қатысты.
Жыл сайын колледжге жергілікті бюджет есебінен 400-ден астам мемлекеттік білім тапсырысы бөлінуде. Сонымен қатар қолданбалы бакалавриат білім беру бағдарламасы бойынша мамандарды даярлауға 125 орын белгіленді.
2019 жылы колледж Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің «Үздік ұйым» грантын иеленіп, 10 млн теңге көлемінде сертификат табысталды.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, техникалық және кәсіптік білім беруді белсенді дамыту қажет. 2021 жылы «Жас маман» жобасы шеңберінде 404 млн теңгеге колледждің материалдық-техникалық базасын нығайту жоспарлануда.
Колледж базасында электрмен қамтамасыз ету саласының мамандарын даярлау және қайта даярлау бойынша құзыреттілік орталығы ашылып, World Skills чемпионатына дайындық базасы болады.
Баршаңызды мерейтоймен тағы да құттықтаймыз, шын жүректен зор денсаулық, өмірлік ұстаным, бақыт пен амандық тілейміз!» - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.
Шара соңында құрметті қонақтарды колледждің 75 жылдық медалімен марапаттау рәсімі өтті.