
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында орталық арқылы 107 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Ал жоба іске қосылғалы бері жалпы өтініштер саны 960 мыңнан асып отыр. Бұл туралы Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дархан Айкенов пен «QalaQyzmet» операциялық қызметтер департаментінің директоры міндетін атқарушы Руслан Марденов баяндады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«QalaQyzmet» орталығы 2019 жылы Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында құрылды. 2022 жылдан бастап ол Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының қарамағына өтті, ал орталықтың операциондық жұмысын «Астана Innovations» АҚ жүргізеді.
Жобаның басты мақсаты – қала тұрғындарына коммуналдық және онымен байланысты қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша ұсыну. Бұрын су, жылу, электр, қоқыс шығару немесе газбен жабдықтау қызметтері бойынша бөлек-бөлек ұйымдарға барып, әрқайсысына жеке құжат тапсырып, кезек күтетін болса, бүгінде бұл үдеріс санаулы минутта qalaqyzmet.kz порталында жүзеге асырылады.
Пайдаланушы порталға кіріп, ЭЦҚ арқылы тіркеледі де қажетті қызметтерді таңдайды. Құжаттарды жүктеп, өтінішке қол қойғаннан кейін жүйе өтінішті автоматты түрде тиісті ұйымдарға жолдайды. 5 жұмыс күні ішінде азаматқа SMS-хабарлама келеді, ал келісімшарттар жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Сонымен қатар жүйенің автоматты синхрондауының арқасында барлық өзгерістер туралы ақпарат «Астана-ЕРЦ»-тің бірыңғай түбіртегінде көрініс табады. Бұл тұрғындарды қызмет көрсетушілермен артық байланыстан босатады.
2025 жылдың алғашқы алты айында астаналықтарға 107 379 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 55 476-сы онлайн порталы арқылы, ал 51 903-і фронт-офистер арқылы ұсынылған. Бұл көрсеткіштер тұрғындар арасында қолайлы әрі ашық сервистерге деген сұраныстың тұрақты екенін дәлелдейді.
Фронт-офистер Сейфуллин көшесі, 27 және Қабанбай батыр даңғылы, 33 (Сарыарқа ауданы әкімінің аппараты ғимараты) мекенжайларында орналасқан. Мұнда күнделікті мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес пен қолдау көрсетіледі.
«QalaQyzmet» орталығының басты артықшылықтарының бірі – өтініш беруші мен қызмет көрсетуші ұйым арасында тікелей байланыстың болмауы. Бұл сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Қызмет көрсету маршруты нақты регламенттелген, мерзімдері белгіленген және бүкіл процесс электрондық жүйе арқылы қадағаланады.
Орталық өкілдері атап өткендей, тұрғындардың қалалық инфрақұрылымға деген сенімін арттыру – жобаның негізгі мақсаты.
2025 жылы «QalaQyzmet» қызмет көрсету аясын кеңейтіп, «Азаматтарға арналған үкімет» фронт-офистерінде пилоттық қабылдауды бастайды. Бұл тұрғындар үшін қолжетімділікті арттырып, сервистің қамту аймағын кеңейтеді.
Орталықтың басты қағидасы – азаматтар үшін жеңіл, жылдам және түсінікті болу. Тұрғындарға қағазбастылықты азайтып, белгіленген мерзім ішінде сапалы қызмет көрсету – басым міндет.
Бүгінде порталдың функционалын жетілдіру және жаңа қызмет түрлерін енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда. «QalaQyzmet» қалалық сервисі қала тұрғындарының сұранысына сай үнемі жаңарып, ашықтық пен тиімділік қағидаттарын берік ұстанып келеді.