Нұр-Сұлтанда балалар эко-алаңы пайда болды. Паркур алаңын құру да жоспарланған

Нұр-Сұлтанда балалар эко-алаңы пайда болды. Паркур алаңын құру да жоспарланған

Елордамызда балаларға арналған үлкен эко-алаңның бірі - Сарайшық көшесіндегі көпірасты кеңістігінде ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бұл жаңа қоғамдық кеңістік Триатлон және президент саябағын байланыстырады. Ойын алаңының жалпы ауданы-1088 м2.

“Алаңға әлі де шағын сәулет формалары қойылады. Экстремалды спорт әуесқойлары үшін паркур-алаң құру да жоспарланып отыр”, - делінген хабарламада.

Бұған дейін осындай көпірасты кеңістік Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанында салынған еді. Мұнда стритбол, скейт, воркаут және стрит-арт алаңдары ашылып, теннис үстелдері қойылды. Бұл орын болашақта да дамитын болады, оның ішінде стрит-арт.

“Қазір Нұр-Сұлтан қаласының Урбанистика орталығы әйгілі чемпиондар - Жақсылық Үшкемпіров пен Денис Тенге арналған граффити салу үшін қолайлы орын қарастырып жатыр. Спорт жұлдыздарының есімдері әрбір отандасымыздың есінде қалары сөзсіз”,-дейді мамандар.

Айта кетсек, тұрғындар үшін барынша қолайлы жағдай жасап, жаңа тартылыс нүктелерін құру жұмыстары "Нұр-Сұлтан-жайлы қала" мастер – жоспары тұжырымдамасы аясында жүргізілуде.

Биыл елордада 150 аула абаттандырылып, 54 қоғамдық кеңістік салынды.