
Белсенді ұзақ өмір сұру орталығының ұжымы «AQNIET» Қазақстандық денсаулық сақтау және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Тәжібаймен кездесті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының жиналысында кәсіподақ мүшелері Бақытжан Арынұлына еңбек даулары, еңбек демалысы кезінде сауыттыру, материалдық көмек және т.б. көкейкесті әлеуметтік мәселелерге тоқталды.
Өз кезегінде Бақытжан Тәжібай кәсіподақтың құрылымына, мүшелік кәсіподақ жарналарының жұмсалу, ұжымдық келіссөздерді жүргізу, кәсіподақ мүшелерін қолдау мен оларға құқықтық көмек беру мәселелеріне жан-жақты тоқталды.
Кездесу барысында кәсіподақ мүшелері өздерін толғандырған сұрақтарға толыққанды жауап алды.
Бүгінде Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ұжымының 90%-ы кәсіподаққа мүше болып отыр.
«Кәсіподақ ұйымының негізгі жұмысы еңбек адамының құқығын қорғау деп есептеймін. Мұндай қоғамдық институттың еңбек ұжымдары үшін маңыздылығы зор. Бүгінде орталықтың 100-ге жуық қызметкері кәсіподақ ұйымына мүше болып отыр, оның ішінде 9 адам кәсіподақ белсенділері болып саналады. Қазіргі уақытта балаларды қолдау, сауықтыру, қайырымдылық және қызметкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған әр түрлі шараларды қолға алып отырмыз», – деді кәсіподақ белсендісі, әрі кадр қызметкері Нұргүл Ерзахқызы.
Кәсіподақ белсенділерінің айтуы бойынша биыл орталық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, олардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау және Қытай еліне тәжірибе алмасуға баруды ұйымдастыру басты назарда.