
Жеңімпаздарға тұрмыстық техника мен электроника сатып алуға мүмкіндік беретін сертификаттар табысталады, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Нұр-Сұлтан қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасы елорда тұрғындары арасында «Ең үздік жас отбасы» байқауын өткізіп жатыр. Қатысушылардың өтінішіне байланысты өтініш қабылдау уақыты ұзартылды.
“Байқауға қатысушылардың саны - әзірге 30 отбасы. Бірақ қазіргі кезде конкурсқа қызығушылық білдірушілер саны артып келеді. Бұл шараны ұзартудың ең басты себебі - қатысушылардың өтініші. Шарт бойынша бірінші кезең әлеуметтік желіге видео дайындап, жариялау болатын. Мұндай жұмыстарға байланысты уақыт қажет болып отыр”, - дейді Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Жүнісбеков.
Байқау 4 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде жас отбасы қатысуға өтініш жіберіп, бейне визиткасын жариялайды. Бейне визитканың тақырыбы: “Бұл жарыста неге біз жеңіске жетуіміз керек?” Алайда қалған кезеңдердің шарты мен ережесі әзірге жарияланбады.
“Біз барлық қатысушыларға бірдей қызық болуы үшін, алдын-ала дайындалып алмас үшін әзірге байқау шарттарын құпияда ұстап отырмыз”, - дейді Бақытжан Жүнісбеков.
Конкурсқа қатысуға елордалық жас отбасылардың әлі де мүмкіндігі бар. Elorda.otbasy@gmail.com электронды поштасына немесе +77772734383 (Камила) нөміріне Whats App арқылы жіберілуі керек.
Естеріңізге салай кетейік, жүлде қоры бірінші орын үшін – 500 000 теңге, екінші орын үшін – 350 000 теңге, үшінші орын үшін – 250 000 теңге.
Финалға шыққан 7 отбасыға ынталандыру ретінде 100 000 теңгеден беріледі.