Өткен демалыс күндері полиция 244 шағын және орта бизнес нысанында карантин тәртібінің сақталуын тексерді

Өткен демалыс күндері полиция 244 шағын және орта бизнес нысанында карантин тәртібінің сақталуын тексерді

38 заң бұзушылық дерегі анықталды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Елорда полициясы мемлекеттік органдармен бірге коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Тәртіп сақшылары, эпидемиологтар, еріктілер, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері карантин режимінің бұзылуын анықтау бойынша рейдтер өткізуде. Қазіргі уақытта мониторингтік мобильді топтар саны сегіз бірлікті құрайды.

«Демалыс күндері 244 кәсіпкерлік нысаны тексеріліп, карантин бұзылған 38 дерек анықталды. Заң бұзушылықтар туралы материалдар Нұр-Сұлтан қалалық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне берілді. Сонымен қатар демалыс күндері азаматтармен маска тағу тәртібін сақтау туралы үш мыңнан астам түсіндірме әңгімелесу өткізілді», – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті.

Вирусты жұқтыру жағдайларын болдырмау мақсатында, полиция ойын-сауық орындарының басшыларына қазіргі карантин шаралары туралы ескертуде.

Тәртіп бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады.

«Елорда полициясы азаматтарды қоғамдық орындарда өзін-өзі жауапкершілікпен ұстауға, санитарлық нормаларды сақтауға және карантин шаралары кезінде полиция қызметкерлерінің талаптарына түсіністікпен қарауға шақырады», – дейді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Госман Жакин.

Мамандардың айтуынша, карантин жеңілдетілгенімен, КВИ жұқтыру ықтималдығы әлі де сақталады.

Азаматтар қашықтықты сақтап, антисептик қолданып, маска тағуы керек.