
Соңғы жылдары Қазақстан түрлі мемлекеттік қызмет салаларында цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізіп келеді. Бұл процестердің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Осы бағыттағы негізгі жобалардың бірі – Қазақстан Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті әзірлеген «Қоғамдық сектор» қызметі бар Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру реестрі. Оның жұмысы туралы елордалық департамент мәлімет берді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру реестрі – бұл қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы хабарламалар, олар бойынша қабылданған процестік шешімдер, жасалған әрекеттер, қылмыстық іс жүргізу барысы, өтініш берушілер мен қылмыстық процестің қатысушылары туралы мәліметтер енгізілетін автоматтандырылған деректер базасы.
Бұл жүйені енгізу қылмыстық процестің ашықтығын қамтамасыз етіп, қатысушыларға іс материалдарына онлайн қолжеткізу мүмкіндігін берді және мәліметтерді бұрмалау қаупін азайтты.
Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру реестрінің «Қоғамдық секторы» қылмыстық процестің қатысушыларына сотқа дейінгі өндіріс материалдарына қашықтан қолжеткізуді қамтамасыз ету үшін жасалған.
Электрондық цифрлық қолтаңбасы мен интернетке қолжетімділігі бар кез келген адам әлемнің кез келген жерінен электронды қылмыстық іс материалдарымен онлайн таныса алады.
Бұл қылмыстық қудалау органдарына барып, кезек күтумен өткізілетін уақытты едәуір қысқартты.
Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру реестрінің «Қоғамдық секторын» енгізу азаматтар үшін бірнеше айқын артықшылық әкелді:
• ашықтық пен қолжетімділік: азаматтар тергеудің барысын өздері бақылай алады, процестік құжаттардың көшірмелерін алып, өтініштерді онлайн жолдай алады;
• уақыт пен ресурстарды үнемдеу: ақпарат алу үшін қылмыстық қудалау органына жеке барудың қажеті жоқ, бұл уақытты үнемдеп, шығындарды азайтады;
• сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету: ақпаратқа тікелей қол жеткізу лауазымды тұлғалардың тарапынан заңсыз әрекеттер жасау ықтималдығын азайтады.
#Заңжәнетәртіп